03 қар, 2022 сағат 12:40

Шахтада болған апатқа байланысты Үкіметтік комиссия құрылды


Премьер-министр Әлихан Смайылов Қарағанды ​​облысындағы Ленин атындағы шахтадағы апаттың себептерін зерттейтін Үкіметтік комиссия құрылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"3 қарашада "АрселорМиттал Теміртау" АҚ КД "Ленин атындағы" шахтасында апат болды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бес кенші қайтыс болды.

Осыған байланысты менің өкіміммен ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жетекшілік ететін Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына уәкілетті министрліктердің, жергілікті атқарушы органдардың және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері кірді", - дейді Премьер-министр.

Смайылов биыл жазда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға барған кезінде компания басшылығына кеншілер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, өндірісті жаңғыртуға инвестициялар бөлу жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажет екенін айтқан.

"Үкіметтік комиссияға апат себептерін объективті тексеру, шұғыл мәселелерді шешу, сондай-ақ қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына жан-жақты көмек көрсету бойынша міндеттер қойылды.

Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын", - деді ол.

Еске салайық, бүгін "АрселорМиттал Теміртау" кенішінде апат болып, 5 адам қаза тапқан еді.