10 сәу, 2020 сағат 14:07

Шағын және орта бизнестің жұмысын біртіндеп жандандыру басталады - Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында шағын және орта бизнестің жұмысын біртіндеп жандандыру керектігін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес жұмысын біртіндеп жандандыру бойынша нақты жұмыстарды Үкімет әкімдермен тығыз үйлестіру арқылы жүргізуі тиіс екенін айтты. Осы орайда бұл шаралар еліміздің ірі екі қаласынан бастап қолға алынады. 

«Тиісті ұсыныстар айтылды. Оларды ескеру керек. Бұл тұрғыда жандандыру шараларын іске асыру керек. Біздің алдымызда қос мақсат тұр, яғни біздің азаматтардың денсаулығы үшін карантин тәртібін сақтау, сондай-ақ нақты шаралармен кәсіпорындарды жұмыс режіміне шығару керек»,- деді Президент. 

Осы орайда Мемлекет басшысы әкімдіктер санитарлық-эпидемилогиялық режімді, жұмыс орындарында әлеуметтік қашықтандыруды қатаң түрде қамтамасыз ете алатын кәсіпорындардың тізімін даярлау керектігін атап өтті.

«Өңірлердегі дағдарысқа қарсы штабтар осындай жұмыс орындарын тексеруді қамтамасыз етеді. Штабтар кәсіпорындар жұмысының режімін, қызмет орындарына жұмысшыларды жеткізу тәртібін және басқа да ұйымдастыру-техникалық шараларын айқындайтын болады. Осының негізінде Мемлекеттік комиссия тиісті кәсіпорындардың қызметін жандандыру туралы шешімді қабылдай алады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.