Саясаттанушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Сейдахмет Құттықадам бүгінгі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әр қоғамның, әр халықтың алдына осындай тарихи кезеңдер келеді. Мұндай жиын күнде болмайды. Осындай тарихи мүмкіндік бүгін бізге туып тұр. Себебі, байқасаңыз сөздің бағыты басқаша: мақтау да, мадақтау да жоқ. Тек шаруа мәселелері талқыланып жатыр. Содан кейін Президенттің өзі өзгерістерді қозғап отыр. Менің ойымша, осы мүмкіндікті құр жібермеуіміз керек. Тарихты қарасаңыз, қанша жыл бойы қиналған жұртпыз. Патшаның боданында болдық. Кейін советтік кезеңде өмір сүрдік. Ал қазір өзіміздің тәуелсіз елімізде таланттар қайнап жатыр. Әр салада жолдары ашылмай жүргендер бар. Соларды іске жұмылдыра білсек, керемет өзгерістер болады», - деді Сейдахмет Құттықадам.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесінің айтуына қарағанда, бүгінгі ұсыныстар бойынша нәтиже болады.
«Бірақ, меніңше, асығуға болмайды. Бұл бір күнде немесе бір түнде өзгеретін нәрсе емес. Қанша жыл бойы жиналған проблемаларды тез шешу мүмкін емес. Дегенмен, сатылап, байыптап, мәселелердің бәрін шешуге болады. Кейбір азаматтарымыз пейішті бір күнде орнатпақ. Ол болмайды. Дайындық керек», - деді ол.
Еске сала кетсек, бүгін елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді.