Сеулде Хэллоуинді тойлау кезінде қазақстандық қаза болған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сеул қаласының жедел штабы мен полициясының мәліметінше, Итэвон ауданындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандар арасында 1996 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматы болған. Ол - Ақтөбе облысының тумасы. Қазақстан азаматы Корея Республикасында жоғары оқу орындарының бірінің студенті болған.
Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан адамның туыстарымен байланыста, құжаттар ресімделіп жатыр және мәйітті Қазақстанға жөнелтуде барлық қажет көмек көрсетіп жатыр", - делінген Сыртқы істер министрлігі хабарламасында.
Айта кетейік, Сеулде сенбі түстен кейін 100 000-ға жуық адам Хэллоуиннің алғашқы демалысын атап өту үшін ойын-сауық ауданында жиналған. Тойлау кезінде қысым салдарынан 151 адам қайтыс болып, 82 адам жараланғаны хабарланған еді.