Сеулде Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде қаза тапқан қазақстандық студенттің әпкесі қайғылы оқиға туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Марқұмның анасы қызының хабарласпай жатқанына бірінші болып алаңдаған. Алайда Мәдинаның үлкен әпкесі Дамира әлі үйде демалып жатқанын айтып, оны жұбатқан. Туыстары мұндай жағдай болады деп мүлде ойламаған.
"Мен Мәдинаның менің хабарламаларыма жауап беретініне немесе маған қайта қоңырау шалатынына сенімді болдым. Мен БАҚ-та Кореядағы болған жағдайды көрдім, бірақ оларға мән бермедім. Бұл бізге және біздің отбасымызға қатысты емес екеніне сенімді болдым. Алғашында қаза болғандар арасында қазақтар болғаны туралы ешқандай мәлімет болмады. Бірақ біраз уақыттан кейін үйіме әкем келді. Мұны әкеме Қазақстанның консулы хабарлаған. Біз осылай білдік...", - дейді Дамира.
Туыстары болған жағдайды бірден қабылдай алмаған. Қаза болған студенттің әпкесінің айтуынша, Қазақстанның Кореядағы консулдығы отбасына үлкен көмек көрсетіп жатыр. Өкілдік қызметкерлері барлық құжаттаманы, сондай-ақ, мәйітті еліне жеткізуді өз қолына алды.
"Қазақстанның Кореядағы консулдығы бізге көп көмектеседі... Олар бізбен үнемі байланыста, көп көмектеседі. Күте тұруымызды сұрайды, мәйіт әлі Кореяда, өйткені онда бюрократия. Сондықтан, консулдықпен алғаш рет хабарласқанымызда бірден алаңдамауды және барлығын шешетіндерін айтты", - дейді Дамира.
Оның айтуынша, сіңлісі Кореяны қатты жақсы көретін. Биыл жазда Мәдина Қазақстандағы туыстарына қонаққа келіп, Жаңа жылды қарсы алу үшін қайтып оралуға уәде берген.
Әпкесі ұсынған сурет
"Мен әкемнен консулдықтан хабарласқанын естігенде, оның зардап шеккендердің арасында және ауруханада жатыр деп ойладым. Бірақ олай емес екен. Отбасындағы кенжеміз... Біздің сүйікті қызымыз. Ол дүниеге келгенде мен алты жаста едім. Сіңлім қолымда өсті. Мен оған жүруді үйреттім. Ағылшын тілі мен музыкадан сабақ беретінмін. Ақтөбеде музыка мектебін, фортепиано курсын бітірді, бас гитарада ойнауды үйренді. Ол үздік студент еді. Ол біздің мақтанышымыз еді", - дейді Дамира.
2015 жылы қыз тәжірибе алмасу бойынша алғаш рет Кореяға барған. Ал 2017 жылы ол Чунан университетінің магистратурасына оқуға түскен.
"Оның сол елге деген махаббаты мультфильмдерден басталды... Мәдина Кореяны қатты жақсы көретін, ол жақта оған ұнайтын. Өзінің болашағын сонда көретін. Бұлай болар деп ешкім ойлаған жоқ", - дейді Дамира.
Қыздың жеке заттары Кореяда қалған. Дамираның айтуынша, жақында ғана сіңлісі өзіне жаңа жиһаз сатып алған. Марқұмның жан досы Мәдина университеттегі достарымен бірге отбасына қаржылай көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Дамираның айтуынша, бұл туралы жастардан ешкім сұрамағанымен, Мәдинаны білетіндердің бәрі бейжай қалмаған.
Айта кетейік, Сеул қаласының жедел штабы мен полициясының мәліметінше, Итэвон ауданындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандар арасында Қазақстан Республикасының 1996 жылы туған азаматы болған. Ол - Ақтөбе облысының тумасы. Қазақстан азаматы Корея Республикасында жоғары оқу орындарының бірінің студенті болған.
Еске салайық, бұған дейін Сеулде Хэллоуинді тойлау кезінде 155 адам қайтыс болып, 82 адам жараланғаны хабарланған болатын.