Фото: ҚР СІМ
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Кореяда автобус жүргізушісіне шабуыл жасаған әйелге қатысты ақпарат жариялады, хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл жағдай Сеул қаласында болған. Пышақ ұстаған әйел автобус жүргізушісіне шабуыл жасады. Бұқаралық ақпарат құралдарында оның Қазақстан азаматы екені жайлы ақпарат тарады. Сыртқы істер министрлігі ол мәліметті растады.
“Иә, ол - Қазақстан азаматы. Бұрыннан бері сол жақта тұрады. Күйеуімен бірге бизнеспен айналысады. Оған техникалық виза да берілген. Өзі – этникалық кәріс”, - деді Смадияров бүгінгі брифингте.
Ол әйел 2020 жылдан бері мамандырылған ауруханада емделіп жүрген.
“Сол жерде өте күрделі ем қабылдап жүр. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, шабуыл кезінде дәрі-дәрмектің әсері де болған. Жақын арада оған консул барады”, - деп атап көрсетті Смадияров.
Қазіргі кезде психологиялық сараптама тағайындалған.