Бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев кәдеге жарату алымына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кәдеге жарату алымын әкімшілендіру және тиісті қаражатқа иелік ету функциялары мемлекеттің 100% пайыздық үлесі бар Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымы - «Жасыл даму» акционерлік қоғамына берілді. Оның директорлар құрамы бекітілді. Айта кету керек, директорлар құрамына қоғам өкілдері кірді. Сондай-ақ, күн сайын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында кәдеге жарату алымының мөлшерлемесін қайта қарау мәселесі бойынша қоғамдастықтың, бизнестің және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен Жұмыс тобының отырыстары өткізілді», - деді С. Брекешев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда кабельді-өткізгіш өнімдерге кәдеге жарату алымын алуды 2023 жылғы 1-ші қаңтарға дейін тоқтата тұру шешімі қабылданды.
«Ставкаларды қайта қарау бойынша жұмысты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп осы айдың соңына дейін аяқтаймыз», - деді министр.