30 шіл, 2024 сағат 11:51

"Сенде қыз бар, менде ұл бар": Ғұсман Қызғызбаев пен Елдос Сметовті не байланыстырады?

Фото: Khabar.kz

Осыдан бір күн бұрын Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында дзюдодан қола медаль жеңіп алған Ғұсман Қырғызбаев Елдос Сметов екеуі бір-біріне бесік құда екенін айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" inbusiness.kz сайтынна сілтеп.

"Елдос екеміз бір-бірімізге құдамыз. Бір күні Елдос әйел баласымен үйіме қыдырып келді. Әңгіме арасында Елдос маған "екеуміз қаншама уақыттан бері бірге күресіп, бірге келе жатырмыз. Қайда барсақ та бірге барамыз. Оқу-жаттығу жиындарына да, жарыстарға да бірге аттанамыз. Арамыздан қыл өтпестей доспыз. Бірдеме айтсам ренжіп қалмайсың ба?" деді. Көңілімде ештеңе жоқ, берден "айта бер, ренжімеймін" дедім. "Екеуміздің достығымыз мәңгілік болсын. Сенде қыз бар, менде ұл бар. Сенің қызыңа ұлымды қазақы дәстүрмен атастырғым келіп отыр. Бүгінгі достар болашақта құда-құдағи болайық" деді. Ауызым ашылып, көзім бақырайып тұрып қалдым. Ол маған "сол күнге жеткізсін демейсің ба? Мен сырғамды алып келдім" деп қызыма сырға тақты. Осылай екеуміз қазір бір-бірімізді көрсек "құдеке" деп сөйлесеміз", – деді Ғұсман Қырғызбаев.


Естеріңізге сала кетейік, кеше Қырғызбаев Париж Олимпиадасында 66 келі салмақта қола медаль жеңіп алған болатын.