Парламент Сенатының депутаттары біркүндік жалақысын коронавируспен күрес жөніндегі қорға аударады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін палатаның жалпы отырысында Сенат төрағасы Дариға Назарбаева тиісті ұсынысты жасады.
«Сенат депутаттары мен аппарат қызметкерлерінің бір күндік жалақысын вируспен күрес жөніндегі қорға аудару туралы ұсыныс жасалды. Қарсылық жоқ па? Егер де көбірек соманы аударуға ниет білдіргендер болса, бұл қадам құптарлық жағдай. Қолдайсыздар ма?», - деді Д. Назарбаева.
Өз кезегінде барлық сенаторлар аталған ұсынысқа бірауыздан қолдау білдірді.