10 нау, 2022 сағат 12:51

Сенатор утиль алымнан құралған қаржыны фермерлерге беруді ұсынды


Сенатор Әли Бектаев елдің аграрлық секторындағы жағдайға алаңдаулы. Осы орайда Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, биыл ел аграрийлері үшін ерекше қиын жыл болмақ. Құрғақшылық, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер бағасының өсуі салаға теріс әсер етпей қоймайды. Сонымен қатар, Ресейге салынған санкцияларға байланысты Ресейден Қазақстанға азық-түлік жеткізу көлемі күрт ұлғаюы мүмкін. 

Әли Бектаевтың пайымынша, бейінді мемлекеттік органдар жұмысының баяулығы елеулі проблема тудырып отыр. Олар субсидиялау қағидаларын 2022 жылғы 1 шілдеге ғана дайындайды. Ал, елдің оңтүстігінде бұл уақытта жұмыс «қайнап» тұруы керек. 

«Жанармайға, минералды тыңайтқышқа, ағын суға қатысты түйінді мәселелердің бір де біреуі шешілген жоқ. Соған қарамай субсидиялардың көлемі мен түрлері, оларды бөлудің тәртібі аяқ астынан өзгертілмек. Аграрлық сектор – эксперимент жасайтын алаң емес. Керісінше, әсіресе биыл ауылшаруашылығына қосымша қолдау көрсету қажет. Мүмкін «Жасыл даму» АҚ есепшотындағы утиль алымнан құралған 200 млрд теңгеден астам бос қалдықтың бір бөлігін аграрлық секторға жұмсаған дұрыс болар. Қазіргі таңда халықты автокөлікпен емес, азық-түлікпен қамтамасыз ету маңыздырақ деп есептейміз», - деді Бектаев Сенаттың жалпы отырысында. 

Депутат ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін ең қажетті минералды тыңайтқыштар бағасының күрт өсуін де назардан тыс қалдырмады. Оның деректері бойынша 2021 жылғы қаңтарда «ҚазАзот» АҚ өндірген аммиак селитрасының тоннасы 81 мың теңгені құрады, желтоқсанда оның құны 200 мың теңгеге дейін, яғни 2,5 есеге қымбаттаған. «Қазфосфат» АҚ өндірісінің аммофос бағасы сол кезеңде екі есеге өсіп, 207 мың теңгені құрады. 

Сенатор елдегі минералды тыңайтқыштардың бағасы мен экспортын реттеу бойынша қатаң шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. 

Депутаттың пікірінше, қатаң реттеу суға тариф белгілеу саласында да орын алуы тиіс. 

«Су тапшылығының болатындығы жыл басынан-ақ сезіліп тұр. Оңтүстік өңірлеріндегі шаруалар үшін биыл экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да ауыр соғайын деп отыр. Оның үстіне ағын суға бөлініп жүрген субсидиялардың тағдыры тағы да белгісіз. Соған қарамастан «Қазсушар» АҚ ағын судың бағасын 2,5 есе қымбаттатқан. Себебі – шетелдік қаржы ұйымдарынан алған займдардың төлеу уақытының келгендігі. Қазақстан Үкіметі биылдың климаттық ерекшеліктерін, соңғы екі жылдың пандемияға қатысты ауыртпашылықтарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамтамасыз етудің, оның бағасын төмендетудің нақты шараларын қабылдауы қажет. Керек болса, әлемдік қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіп, шетелдік займдардың төлеу мерзімдерін қайта қарауды ұсынамыз», - деді депутат.