Парламент Сенатының депутаты С.Айтпаева Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының Страсбург (Франция) қаласында өткен маусым сессиясына қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еуропа Кеңесінің парламентшілері Еуропа Кеңесінің 2020-2021 жылдарға арналған бюджеті мен басымдықтарын, Парламенттік Ассамблеяның өкілеттіктері мен (ұлттық делегациялардың) дауыс беруіне, гендерлік теңдікке, балаларға зорлық-зомбылық көрсетуді тоқтатуға үлес қосуға қатысты мәселелерді, Сириядағы жағдайды саяси реттеудің келешегін талқылады.
Сенатор сессия барысында Монаконың парламенттік делегациясының басшысы Ж. Бадиамен, ЕКПА Әлеуметтік мәселелер, денсаулық сақтау және орнықты даму жөніндегі комитетінің мүшесі - Әзербайжан Милли Меджлисінің Халықаралық қатынастар және парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары С.Фаталиевамен, еуропалық консерваторлар тобының төрағасы Я.Лиддел-Грейнджермен (Ұлыбритания), Саяси мәселелер және демократия жөніндегі комитеттің төрағасы Р.Оомен-Руйтенмен (Нидерланды), сондай-ақ Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы М.Пейчинович-Буричпен кездесті.
С.Айтпаева Әлеуметтік мәселелер, денсаулық сақтау және тұрақты даму жөніндегі комитеттің балалар мәселелері жөніндегі кіші комитетінің отырыстарына, сондай-ақ Парламенттік Ассамблеяның балаларға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату және көшіп-қонушы балаларды пайдалану мәселелері жөніндегі бірлескен пікірсайыстарына қатысты.