24 ақп, 2022 сағат 17:25

Сенатор: Электр таратушы компаниялар шығынды азайтуға мүдделі емес


Электр қуатын тарату кезінде орын алатын шығын тариф есебінен өтеліп жатқандықтан, таратушы компаниялар ол шығынды азайтуға мүдделі емес. ҚР Парламенті Сенатында өткен дөңгелек үстелде сенатор Сүйіндік Алдашев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Электр энергиясының нарығы - ең тұрақты нарықтардың бірі саналады. Электр энергиясы әрдайым жоғары сұранысқа ие. Энергия өндіруші кәсіпорындар тұтынушы үшін ешкіммен бәсекеге түсіп жатқан жоқ. Осындай қолайлы жағдайлар энергия генерациялайтын компаниялардың өз қорын жаңғыртуына кепіл бола алмады. Қазақстандағы негізгі қуат көздері, оның ішінде жылу стансалары 40 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз қолданылып келеді. Бұл жоспарлы және апаттық жөндеулердің жиілеуіне түрткі болып отыр. Электр өндіруші ұйымдардағы тозу деңгейі - 53%» - деді депутат. 

Сондай-ақ, ол энергия таратушы компаниялардың қарауындағы өңірлік компаниялардың желілері тозғанынын проблема етіп көтерді.

«Өңірлік энергетикалық желілердегі орташа тозу көрсеткіші – 66%. Кейбір өңірлерде желілердің тозуы 90%-ға дейін жеткен. Мысалы, бұл көрсеткіш «Қарағанды РЭК» ЖШС-да - 91%, «Көкшетау Энерго» ЖШС, «Батыс Қазақстан РЭК» АҚ және «Межрегионэнерготранзит» ЖШС-да - 80%-дан астам. Электр қуатын тарату кезінде орта есеппен 18 пайызы жоғалады. Ол жоғалған шығынның құны тарифке қосылады. Бұл өз кезегінде компанияларды шығын көлемін азайтуға ынталандырмайды», - деді сенатор.