Сенаттың жалпы отырысында депутат Дәурен Әділбеков өзінің сауалында электр энергетикасы саласына қатысты бірқатар жүйелі проблемаларды атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, сенатор бұл саланы қазір елімізде үш министрлік және квазимемлекеттік сектордың екі компаниясы басқаратынын, яғни бірыңғай салалық орган болмай тұрғанын әрі бірыңғай ұлттық тарифтік саясат жоқ екенін айтты.
Сенатордың айтуынша, сонымен қатар энергетика саласында бірқатар компаниялар өзара кірігіп кеткен, бұл олигополия мен рәсімдерді көрсетпеуге алғышарттар жасайды.
«Энергетика саласында өндіруші, энергия жеткізуші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасында тігінен интеграцияланған үлестес құрылымдар құрылды, бұл осы салада олигополияның бар екенін білдіреді. Қазіргі уақытта электр энергиясының 97%-ы сауда процесі ашық көрсетілмейтін тікелей шарттар бойынша сатылады», - деп атап өтті Дәурен Әділбеков Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Сенатор сондай-ақ «Самұрық-Энерго» мен «Кегок» компанияларын Энергетика министрлігінің қарамағына беруді және бірыңғай сатып алушы жүйесіне көшуді ұсынды. Мұндай тәсіл электр энергиясын бірыңғай шекті бағалар бойынша сатып алуға және оны тұтынушыларға жария талқылаудан кейін бекітілуі тиіс бірыңғай бағалар бойынша сатуға мүмкіндік береді.
«Бір мемлекеттік орган жүзеге асыратын бірыңғай тарифтік саясат қажет. Тарифті көтеру энергетикалық кәсіпорындарға қарсы міндеттемелерді, сондай-ақ өндірісті жетілдіру, жаңарту, жаңғырту, шығындарды азайту талаптарын жүктеуге тиіс. Мемлекеттің бақылау-қадағалау функцияларын, оның ішінде инвестициялық келісімдердің міндеттемелеріне, сондай-ақ тауарлар мен қызметтерді сатып алу процесіне қатысты функцияларды күшейту керек», - деді Д. Әділбеков.