ҚР Парламенті Сенатының депутаты, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Сүйіндік Алдашев «Самұрық-Энерго», KEGOC компанияларын Энергетика министрлігінің қарамағына беруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Парламенті Сенатында өткен дөңгелек үстелде елдегі ең ірі энергетикалық компанияларды қайта құрылымдау ұсынылды.
«Бізде электр энергетикасы саласындағы тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алулардың ашық болмау проблемасы бар. Есеп комитетінің дерегінше, 2017-2019 жылдары KEGOC АҚ сатып алған тауарлар мен қызметтері 74 пайызы бәсекеге қабілетті емес тәсілдермен іске асырылған. Осы айтылғандардың негізінде электр энергетикасы саласын басқарудың тиімсіз моделі қалыптасқанын мәлім етуге болады. Бұл проблемалардың бәрі жылдар бойы қордаланған және тиісті шешімін таба алған жоқ. Негізгі қордың айтарлықтай тозуы, қуаттың жеткілікті жүктелмеуі және энергетикалық кәсіпорындардың орасан шығыны сияқты мәселелердің шешімін таппауы тұтынушылар үшін бағаның өсуі түрінде ғана көрініс тауып отыр. Яғни, халықтың, заңды тұлғалар мен бюджет есебінен ғана шешіліп келеді», -деді сенатор.
Оның айтуына қарағанда, бұл проблемаларды түбірімен жою үшін Энергетика министрлігіне тез арада электр энергетикасы саласын сапалы реформалау қажет.
«Бірінші – Энергетика министрлігінің рөлін арттыра отырып, саланы басқару жүйесін құрылымдық тұрғыда түрлендіру керек. «Самұрық-Энерго» және «КЕГОК» АҚ-ны бірыңғай ұлттық реттеуші ретінде Энергетика министрлігінің қарамағына беру қажет. Бұл жерде «КЕГОК» АҚ-ның функцияларын қайта қарап, оны энергия беруші ұйым ретінде құрылымдап, өзіне тән емес фиункциялардан босату керек. Бұл Мемлекет басшысының «Самұрық-Қазына» қорын реформалау туралы тапсырмаларымен сәйкес келеді», - деді Сенат депутаты.