Абай облысының Семей қаласында жасөспірімдер арасында өткізілген жарыстардың жүлдесі туралы әлеуметтік желіде бейнесюжет жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Alash.KZ сайтына сілтеме жасап.
Аталмыш видеода палуандарды марапаттау сәті көрсетіледі.
Қызық болғанда, мінберге көтерілген чемпиондарға берілген жүлде қоры адамның ақылына сыймайды. Нақтырақ айтқанда, 3-орынға - 2 мың теңге, 2-орынға - 3 мың теңге, Ал 1-орынға берген жүлденің көлемі небәрі 5 мың теңге.
Жарыс туралы желідегі оқырмандар әртүрлі пікір жазып жатыр. Мысалы, бір оқырман бұл жарыстың қоры 500 мың теңге депті. Сонда қалған ақша қайда жұмсалғаны түсініксіз.
Ал тағы бір оқырман "Адамды осыншама қорлауға бола ма? Осы үш бала бір газел жүк түсірсе, бұдан көп табар еді ғой" деп жазыпты.
Келесі оқырман "10 теңгем бар еді, мен де бір жарыс өткізіп жіберсем болады екен ғой. Мыналарда ұят бар ма?" деп жазыпты. Оқырмандардың көбі 10 мың теңгелік жүлде тігілген аталмыш жарысты "Жастардың сағын сындыру, Қазақстандағы спорттағы жемқорлық ашық көрінісі" деп бағалапты.