27 қыр, 2023 сағат 08:26

Семейде ер адам 4 жасар бүлдіршіннің денесін әжетханаға лақтырып кеткен

Фото: Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі

Семейде ер адам 4 жасар бүлдіршіннің денесін жол бойындағы әжетхана шұңқырына лақтырып кеткен. Полиция тергеуді бастады.

Жантүршігерлік оқиға туралы "НеМолчиKZ" қоғамдық қоры хабарлады. Қор жетекшісінің айтуынша, анасы бүлдіршінді күтуші әйелге қалдырған.

"Ал алып кетуге келгенде бала күтуші "бүлдіршін танысымның үйінде" деп алдаған. Шын мәнінде бала ол кезде қайтыс болған. Оқиғаны жасыру үшін бала күтушінің күйеуі бүлдіршіннің денесін сөмкеге салып, жол бойындағы әжетханаға лақтырып кеткен", - деп жазды Дина Таңсәрі.

Қайғылы оқиға қыркүйек айының басында болған. 

Абай облысы полиция департаменті төрт жасар баланың қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

"Күдікті ұсталды, оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қылмыстық іс бойынша бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалды, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу-жедел іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық істі тергеу Абай облысы полиция департаменті мен прокуратура басшылығының ерекше бақылауында. 

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілуге жатпайды" - делінген хабарламада.