Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек балалары Кипрде оқуын жалғастыратынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ журналистерден осы тақырыпты біржолата жабуды өтінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еске сала кетсек, министрдің балалары Кипрде оқитыны туралы бұған дейін хабарланған еді. Осы жылдың маусымында Үкімет кулуарында журналистер ғылым және жоғары білім министрінен балалары неге Кипрде оқитынын сұраған.
«26 маусымда балаларым Қазақстанға оралады. Сіздерге фотомен есеп беремін. Өзім де оларды асыға күтіп жүрмін», - деп жауап берген болатын сол кезде Саясат Нұрбек.
Осыдан бірнеше күн бұрын журналистер министрден “балаларыңыз Кипрден оралды ма?” деп сұрақ қойды. Алайда министр бұл сұраққа жауап бергісі келмеді.
«Бұл - менің жеке өміріме қатысты сұрақ. Аталған сұрақ менің балаларыма оңай тиген жоқ», - деді ол.
Саясат Нұрбектің соңынан журналистер тағы сұрақ қойып, «Қазақстанның білім сапасына сенесіз бе?» деп сауал тастады. Министр «толық сенемін» деген. «Ендеше, неге балаларыңыз шетелде оқиды?» деген сұраққа ол жауап бермей, Үкімет дәлізінен асығыс шығып кеткен еді.
Орталық коммуникациялар алаңында бүгін өткен баспасөз мәслихатында Саясат Нұрбекке бұл сұрақ тағы қойылды.
«Шынында да, бұл сұраққа нүкте қояйықшы. Жағдай қалай екенін сіздерге түсіндірейін. Расында да, уәде еткенімдей, балаларым жазда елге оралды. Олар 4 жылдан бері шетелде, Солтүстік Кипрде жеке мектепте оқиды. Тексерсеңіздер де болады. Британдық жеке мектеп. Білім сапасы ол жерде өте жақсы. Біздің жеке мектептерге қарағанда қымбат та емес», - деді ол.
Саясат Нұрбек осы мәселе турасында балаларымен дұрыстап әңгімелескенін, балалары едәуір өсіп қалғанын, ақылды екенін атап өтті.
«Шетелдік мектептердің бір жақсысы, олар балаларға өздігімен ойлауды, сыни тұрғыда ойлай білуді үйретеді. Олар өз таңдауын жасады. Мен олардың шешімін сыйлауым керек. Олар оқуын Кипрде жалғастырғанымыз жөн деп шешті. Олардың мектепте таңдаудағы құқығы сыйлай келе, шешімін қабылдап, келістім. Қазір менің барлық күш-жігерім мен уақытымды елдегі жоғары білім, университет ғылымына жұмсап жатырмын. Сол себепті менің және балаларымның құқығын құрметтеуді сұраймын. Жұмысыма қатысты кез келген диалогқа дайынмын. Кез келген сынға немесе ұсынысқа әзірмін. Ал осы тақырыпты жабуды ұсынамын», - деп түйді сөзін Саясат Нұрбек.