коллаж: AzattyqRuhy
Алматы прокуратурасы саунадағы балалар лагері дерегі бойынша «БелРичи» ЖШС-ға қатысты тергеу жұмыстарын бастады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қаласының прокуратурасы сауна ғимаратындағы балалар лагері дерегіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы "Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану" және 140-бабы "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастаған.
"Балалар лагерін қаржыландыру Алматы қаласы Білім басқармасы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бюджетінің есебінен жүзеге асырылғаны анықталды. Бұл ретте, ұсынылған конкурстық құжаттама қойылатын талаптарға толық сәйкес келмейді.
Қылмыстық істерді тергеу Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне тапсырылды.
Істерді тексеру шеңберінде орын алған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау қамтамасыз етіліп, жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғалары мен лагерь ұйымдастырушыларының іс-әрекеттеріне баға берілетін болады" - делінген ведомство хабарламасында.
ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Қылмыстық істер прокуратура органдарының ерекше бақылауында.