17 шіл, 2023 сағат 17:41

Саунадағы балалар лагері: Білім басқармасы қызмет көрсетушілермен соттасады

Фото: facebook.com/Инка Рокеровна

Алматы қаласының білім басқармасы балалар демалысын ұйымдастыру бойынша жауапсыз қызмет көрсетушілермен соттасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" шаһар әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Алматы қаласының білім басқармасы балалардың жазғы демалысының сәйкес келмейтін жағдайлары туралы түсініктеме берді. Басқарма мәліметінше, қызмет көрсетушіге, яғни «БелРичи» ЖШС компаниясына қатысты жауапсыз жеткізуші деп тану және мемлекеттік сатып алуға қатысуға одан әрі тыйым салу туралы талап-арыз дайындалып жатыр.

"Басқарма өкілдері қызмет көрсетушінің мемлекеттік сатып алуды өткізудің барлық ережелеріне толық сәйкес келген жағдайда анықталғанын түсіндірді.

Мәселен, 13 шілдеде «Арман дала» саяжай лагерінде балалар демалысын ұйымдастыру туралы шарт жасалды, 15 шілдеде білім басқармасының қызметкерлерімен бірге демалушылардың алғашқы легі келді. Тиісті талаптардың бұзылу фактілері анықталған кезде балаларды үйлеріне апару процесі шұғыл түрде басталды. Қазіргі уақытта лагерьде балалар жоқ. Олар жақын арада, мектеп оқушылары демалған кезде ережелер қатаң сақталатын лагерьлерге жіберіледі.

Қызмет көрсетушімен ағымдағы шарт бұзылады, сондай-ақ осы компанияның басқа мемлекеттік сатып алуға қатысуына жол бермеу үшін жосықсыз өнім беруші деп тану туралы талап арыз беріледі. Білім басқармасының жауапты қызметкеріне қатаң сөгіс жарияланды" - делінген хабарламада.

Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта білім басқармасы қоғамдық кеңеспен бірлесіп жұмыс тобын құрған. Оның құрамына ата-аналар қоғамдастығының, қалалық прокуратураның және барлық мүдделі органдардың өкілдері кірген.

"Жұмыс тобы аясында қала сыртындағы барлық лагерь тексеріледі. Жұмыс тобы қала маңындағы лагерьлерге жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы үнемі есеп береді" - делінген хабарламада.