Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов шикізаттың емес өнімдердің экспортын екі есе арттыру жоспары алға қойылғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біз экспорттаушылар үшін бір терезе қағидатын қолдану үшін институционалдық заңнамалық базаны жетілдіруді жоспарлап отырмыз. Біздің институттардың әлеуетін шынымен екі еселеп, одан ары дамыта аламыз. Осылайша, бұл шикізаттық емес экспорт көлемін екі есеге көбейту міндетіне тікелей әсер етеді. Ол үшін біз жаңа құралдарды енгізуіміз керек», - деді Бақыт Сұлтанов Сауда және интеграция министрлігінің алқа отырысында.
Ол осы құралдардың бірі туралы сөз қозғады.
«Біз сауданы қаржыландыру сияқты құралды енгізуді ұсындық. Нақтырақ айтқанда біздің экспорттық өнімді қаржыландыру керек. Одан бөлек қосымша құн салығын жеңілдетіле отырып, қайтару үшін экспорттық өндірушілерінің тізімі құрылады. Экспортты прагматикалық түрде жоспарлау - ақылды талдау жүйесіне негізделеді. Мұның бәрі біздің экспорт.gov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады», - деді министр.