09 қыр, 2019 сағат 12:34

Сауда министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қалай тежелетінін айтты

Қазақстанда сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілерден сыйақы өндіріп ала алмайды. Бұл жайында бүгін ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Минстрлік ішкі сауданы дамыту мәселелерінің жүйелі және нақты тәсілдеріне мән беретін болады. Біріншіден, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу және олардың өсу себептерін кезең-кезеңімен жою мақсатында министрлік Ауыл шаруашылығы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ауқымды жұмыс жүргізуде.

Осы жылдың 2 сәуірінде «Бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу туралы» заң қабылданды. Ол бағаны тұрақтандыру мен тежеудің жаңа шарттарын қарастырады», - деді вице-министр ведомствоның Мемлекет басшысының таяудағы Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған алқа отырысында.

Екінші, оның атап өтуінше, осы жылдың 16 тамызынан бастап ішкі сауда қағидаларына енгізілген өзгерістер отандық өндірушілер үшін өз тауларларын басқа барлық сауда нысандарында орналастыру мүмкіндігін қарастырады. Осы мақсатта ішкі сауда субъектілеріне отандық азық-түлік тауарлары үшін «Қазақстанда жасалған» деген арнайы белгісі бар кем дегенде 30 пайыз сөрелік кеңістік немесе сауда алаңдарын ұсыну  міндеттеледі.

«Үшінші, бағаны тұрақтандырудың тағы бір шарасы – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін кемінде 15 пайыз шектеу. Мұнан басқа сауда желілері осы тауарларды жеткізушілерден сыйақы өндіріп ала алмайды. Ал қалған басқа азық-түлік түрлері бойынша 5 пайыздан  көп емес мөлшерде белгілей алады», - деді ол.

Азамат Асқарұлының айтуынша, қазіргі кезде министрлік тұтынушы құқықтарын қорғау туралы заң жобасын әзірлеуде. Онда әкімдіктер және тұтынушыларды қорғау департаменттерінің өкілдері сауда ережелерін бұзған ішкі сауда субъектілерінің жауапкершілігін қарастырады.

«Сонымен қатар әкімдіктер сауда желілері үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тіркелген баға бойынша сатудың қарсы міндеттемелерін белгілей отырып, жеңілдікті қарыз беруге мүмкіндіктері бар. Бұл тетік өзін өткен жылы жеткілікті түрде дәлелдеді. Өткен жылдан Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында осындай оң тәжірибе бар. Соның нәтижесінде бағаны нарықтық бағадан төмен деңгейде тежеу қамтамасыз етілді», - деді вице-министр.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның 5 өңірінде тауарларды көтерме тарату орталықтары салынғанын айтты.

«Бағаны қажетті деңгейде ұстап тұру үшін отандық өндірісті қалыпқа келтіруіміз қажет. Бүгінгі күні Қазақстанда тұтынылатын құс еті мен қанттың 50 пайызын импорт құрайды. Сонымен қатар республикада көкөніс өнімдерінің өндірісі жеткіліксіз екендігін нақты айтуға болады. Осыған байланысты біз үшін тауарларды дұрыс сақтау жүйесі мен өңірлерге бөлуді дамытудың маңызы зор. Бұл үшін министрлік сауда бөлу жүйесін жасайды. Ол өндірушілерді, тауар-логистика компанияларын, рейтерлерді, сондай-ақ базарлар мен үй жанындағы дүкендерді  біріктіретін болады», - деді вице-министр ведомствоның Мемлекет басшысының таяудағы Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған алқа отырысында.

Бұл үшін оның айтуынша, Сауда және интеграция министрлігі еліміздің бес өңірінде, атап айтқанда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында көтерме тарату орталықтарын салады. Сондай-ақ үш өңірде тарату орталықтарын салу жоспарланған.

«Осындай орталықтарды салу біз үшін тиісті сақтау орындарының аздығын толықтыратын көптеген тиімсіз делдалдарды болдырмайтын, тауарларды өңірлерге қажеттілігі бойынша бөлетін инфрақұрылымдық кешен жасайды», - деді Азамат Асқарұлы.