24 ақп, 2022 сағат 20:53

Сарапшылар утилизация алымының қысқаруына қатысты пікір білдірді


Автомобиль бизнес саласының сарапшылары утилизациялық алымның азаюына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында «Астана Моторс» бас директоры Бекнұр Несіпбаев утиль алымының төмендеуі сырттан импортталатын көлік бағасының аз да болса арзандауына ықпал ететінін айтты. 

Ал өзімізде құрастырылатын көліктерге оның қатысы жоқ.

«Егер утиль алым төмендесе BMW, MINI, Subaru, Haval, Chery көлігінің бағасы арзандауы керек. Бұл утиль алым 50 пайызға түскен күні іске асырылады. Алайда доллар курсын ескергеніміз жөн, теңгенің құлдырауы, логистика бәрі көлік бағасының өсуіне әкеледі. Яғни қазіргі көлік бағасы алдағы уақытта да сақталады деп айта алмаймыз», - деді ол.

Оның айтуынша, утилизациялық алым Hyundai Trans Kazakhstan зауытында шығарылатын Hyundai жеңіл автокөліктерінің, сондай-ақ Hyundai Транс Алматы зауытында өндірілетін Hyundai, МАЗ коммерциялық көліктері мен Golden Dragon жолаушылар көліктерінің құнына әсер етпейді, өйткені тұтынушылар ол үшін утиль алым төлемейді.

«Айта кетсек, біздің Хундай Транс Қазақстан зауытына РОП бұған дейін біз төлеген 29,2 млрд теңгені қайтарып берді. Олар бұны не үшін субсидия деп айтқанын біз білмейміз. Өзіміз шығарып жатқан көліктің бағасы қымбаттамайды, ал импорт көліктердің бағасы доллар курсына байланысты өзгеріп отырады», - деді Бекнұр Несіпбаев.

Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының стратегиялық даму жөніндегі директоры Қайрат Еламанов Kia, Hyundai, Chevrolet, Lada, Jac сияқты отандық көліктер утилизациялық алымға жатпайтынын түсіндірді. 

«Дәл осы брендтер халықты қолдауға бағытталған жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қатысады. Сондай-ақ, бұл автомобильдер нарықтың 75 пайызын жабады. Яғни, бұл В және С санаттарына кіреді. Бұл халық арасында ең танымалы. Қазір Қазақстанда жеңіл және коммерциялық көліктер шығаратын 8 автомобиль зауыты бар. Сондай -ақ ауылшаруашылық техиникаларын шығаратын тағы 8 зауыт жұмыс істейді. Демек, импорттық брендтерді айтпағанда, өндірушілер арасында да бәсекелестік бар», - деді ол.

«Вираж» компаниясының бас директоры Ермек Ескергенов отандық көліктердің бағасы арзандамайтынын баса айтты.

«Қазақстанда шығарылатын көліктердің бағасы төмендемейді. Ал біз әкелетін көліктердің құны утиль алымына байланысты болады. Мысалы, кейбір көліктер үшін утиль алымы 2 млн теңге болса, онда ол 1 млн теңгеге айналады. Яғни, бағасы бір миллионға төмендейді. Агротехнологияда да солай. Барлығын Қазақстанда өндіріп жатқан жоқпыз. Ішінара қолданылатын әдіс бар. Біз оларды импортқа шығарып, салықтарын төлеп отырмыз. Барлығын заңды түрде атқарамыз», - деді ол.