10 нау, 2021 сағат 18:08

Сарапшылар коронавирус вакцинасының кері әсерлері туралы: «Қалыпты реакция»

Біріккен Ұлттар Ұйымының Вакциналардың қауіпсіздігі жөніндегі кіші комитет мүшелері COVID-19 вакцинациясын алғаннан кейін кейбір науқастарда кездесетін тұмау белгілеріне ұқсас жанама әсерлер туралы мәліметтерді зерттеді. Сарапшылар бұл симптомдар қауіпті емес және ағзаның вакцинаға қалыпты реакциясы деген қорытындыға келді. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтары сайтында хабарланды.

Кіші комитет мүшелері вакцинаның клиникалық сынақтары барысында алынған деректерді зерделеп, оларды жанама әсерлер туралы бірнеше елден келіп түскен хабарламалармен салыстырған. Симптомдардың қатарында бас ауруы, әлсіздік, бұлшықет ауруы, дене қызуы және қалтырау бар. Олар әлсіз немесе орташа дәрежеде білінуі мүмкін, әдетте бірнеше күн ішінде кетеді. Мұндай жанама әсерлер 55 жасқа дейінгі науқастарда жиі кездеседі. 

ДДСҰ кіші комитетінің мүшелері тұмауға ұқсас белгілер кез келген екпеге иммундық жауаптың көрінісі болуы мүмкін екенін атап өтті. COVID-19-ға қарсы вакциналарға келетін болсақ, олардың пікірінше, мұндай жанама әсерлер «күтілген жағдай». ДДСҰ сарапшылары вакциналаудың қауіпсіздігі мен тиімділігі көрсеткіштерін ескере отырып, екпе салдыруға тағы да кеңес беруде. Қазіргі уақытта сарапшылар бұған дейін әзірленген ұсыныстарға өзгеріс енгізу қажет деп санамайды. 

Сонымен бірге, олар пациенттерге тұмауға ұқсас белгілер туралы хабарлауға және қажет болған жағдайда оларға медициналық көмек көрсетуге кеңес береді. Сарапшылар вакцинаның бірінші дозасын енгізгеннен кейін пайда болған сипатталған жағымсыз құбылыстар екінші дозаны салуға кедергі болмауы тиістігін атап көрсетеді.