Сарапшылар Қазақстанды бай және кедей аймақтарға бөлді. Айтуларынша республиканың 20 өңірінің 9-ында ғана тұрғындар орташа есептен жоғары табыс табады. Бұл туралы “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасы хабарлайды.
Сарапшылар әсіресе Астананы бай, ал оңтүстік аймақтарды кедей деп жіктеді. Себебі екі аймақтың орташа жалақысының айырмашылығы екі есеге жетеді. Бұл ретте республиканың 20 өңірінің 9-ында ғана орташа табысы жоғары тұрғындар бар.
Атап айтқанда елорда тұрғындарының жан басына шаққандағы ең үлкен орташа табысы – 430 мың теңге. Екінші орынды 392 мың теңгемен алматылықтар иеленді. Қарағандылықтар 380 мың теңге жалақымен үштікке енген. Ал Түркістан облысының тұрғындары ең аз табыс табады. Мұнда ең үлкен орташа табыс 212 мың теңге. Бірақ бұл өткен жылмен салыстырғанда үштен бірге артық. Одан кейінгі тұрған Жамбыл облысында айлық жан басына шаққанда 213 мың теңге. Ал Шымкентте шамамен 220 мың теңге.
Сарапшылардың пікірінше, кедей аймақтарда жұмыссыздық басым. Мәселен оңтүстікте жұмыс орындары артығымен жетсе, солтүстік пен батыста еңбек тапшылығы бар. Сол үшін мамандар жаңа жұмыс орындарын құрып, индустрия мен бизнесті дамыту қажет екенін айтады. Ал азаматтар бұл ретте өздері экономикалық тұрғыдан ұтқыр болуы керек.
“Бізде жұмыс орындары көп өңірлерге көшеді. Бұл жерде мемлекет тек экономикалық ұтқырлық бойынша ынталандырулар жасай алады. Билік қандай да бір трансферттер жүйесін жасағанымен бұл аймақтардың экономикалық жағдайын теңестіре алмайды”, –деді AERC бас директоры Жәнібек Айғазин.
Астанада тұрақты әрі жақсы жалақы алатын шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлер өте көп. Ал оңтүстікте сауда мен қызмет көрсету өркендеп келеді. Мұнда табыс сатып алу қабілетіне байланысты. Сарапшылар әр аймақтың жеке мемлекет ретінде дамуына назар аудару керек екенін айтады.
“Биліктің саяси құрылымын өзгерту керек. Біздің әкімдер өз қалтасын дамытудан басқа ештеңеге мүдделі емес. Ал олар керсінше халықтың дамуына, өмір сүру деңгейіне, кірісті арттыруға, жұмыс орындарын құруға ұмтылуы шарт”, – деді экономист Айдар Әлібаев.
Сонымен қатар сарапшылардың пікірінше, "бай солтүстік пен кедей оңтүстік" жағдайы біздің елде ғана емес, көптеген басқа мемлекеттерде де қалыптасқан. Солтүстікке жұмыс қолдары қажет, алайда суыққа байланысты мұнда баруға бәрі дайын емес.