Қазақстан автобизнес қауымдастығының өкілі Қайрат Еламанов утиль алымның төмендеуі және бүгін ғана жарияланған бастапқы жарнасыз жеңілдетілген жаңа автонесие бағдарламасына қатысты сала маманы ретінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Үкімет жария еткен утиль алымды 50 пайызға дейін төмендету - орынды шешім. Дегенмен аталған шара отандық автомобиль бағасын реттеуге соншалықты әсер етпейді. Себебі Қазақстанда автомобиль сатуда отандық өндірушілер үлесі - 65 пайыз. Білеміз, Қазақстанда KIA, Chevrolet, Lada, Hyundai жеңіл көліктері жасалады. Яғни жоғарыда аталған маркалы көліктерге утиль алымның айтарлықтай әсері жоқ», - деді Қайрат Еламанов.
Оның айтуынша, елімізде автокөліктердің бағасы диллер және дистрибьюторларға байланысты.
«Әрине, бағаны мемлекет белгілемейді, мемлекет жағдай жасайды, мүмкіндік береді. Осы орайда қазір мемлекет отандық көлік өндірушілерге жағдай жасап отыр. Яғни, ендігі уақытта отандық өндірушілер утиль алымды көліктің бағасына қоспайды. Бүгін Үкіметте айтылған тағы бір маңызды шара - автокөлік алғысы келетіндер үшін бастапқы жарнасыз, жеңілдетілген несие беруді жетілдіре түсу. Бағдарламаға сұраныс бар, сәтті іске асып келеді. Оның нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Қазір көлік алу кезегінде 15 мыңдай адам тұр. Меніңше, аталған шара халық пен қоғам үшін өте пайдалы», - дейді сарапшы.