03 шіл, 2019 сағат 16:40

Сапарбаев кредиті өтелетіндердің тізіміне кім енетінін айтты

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев тұрмысы төмен азаматтардың тізімі қалай жасалатынын түсіндірді. Сол бойынша банктегі кредиттің бір бөлігі өтеледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Министрлікке нақты міндет жүктелді. Біз осы борышкерлердің категориясын анықтауымыз қажет. Қазіргі таңда алты санат анықталды. Ол – көпбалалы, асыраушысынан айырылған, жетім балалар, атаулы көмек алатындар. Барлығының мәліметтері мен тізімі министрлікте бар. Жетім балаларға қатысты мәліметті білім министрлігі береді. Солардан оны да аламыз", - деді Сапарбаев мәжілістің жалпы отырысында.

Министрдің айтуынша, банктер мен микроқаржыландыру ұйымдары өз кезегінде борышкерлердің тізімін жасайды да, мемлекеттік несие бюросына жібереді. Бюро ол тізімді қорға береді. Ал қор өз кезегінде министрлікке ұсынады.

"Біз ол тізімді тағы тексереміз. Себебі министрлік осы бағдарламаның әкімшісі болып саналады. Жаңағы айтылған 88 миллиард теңге біздің министрлігіміз арқылы өтеді. Біз тізімді тексергеннен кейін ол ақшаны қорға аударамыз. Қор ары қарай екінші деңгейлі банктер мен микроқаржыландыру ұйымдарына аударады. Барлық мәлімет бар. Біз ол ақшаның дұрыс төленгенін бақылап отырамыз", - деді Сапарбаев.

Тоқаевтың тапсырмасы

Айта кетейік, президенттің тапсырмасы бойынша кепілсіз кредит алған 5 миллионға жуық адамның айыппұлдары мен өсімақылары өтеледі. Ал тұрмысы төмен азаматтар үшін осындай жеңілдікпен бірге 300 мың теңгеге дейінгі қарыз сомасы кешіріледі. Бірақ кредиттің сомасы 3 миллион теңгеден аспауы қажет.

Тұрмысы төмен азаматтардың қатарына көпбалалы отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, асыраушысынан айырылғандар, жетім балалар және атаулы әлеуметтік көмек алатындар жатады. Парламент мәжілісі тиісті заң жобасын мақұлдады, енді оны сенатта қарайды.