Қаңтардың шыңылтыр аязында Ақтөбедегі саяси температураны «хиджаб» дауын тудырушы топтың әйелдер қауымы жоғарылатты. Жергілікті бизнес топтарының тасасындағы жеке-дара қарсылық топтар мен олардың қозғаушы күштері қазір қысқы ұйқыда. Солардың бос қалған орындарын уақытша иеленген, қыркүйектен бері балаларын хиджаппен мектепке кіргізе алмай жүрген дәстүрлі дінімізді мойындамайтындар кәсіби заңгер, жергілікті журналистердің қолымен интернет-ресурстарда «қар үстінде намаз оқу» көрінісін өте ұтымды пайдаланып, қоғамдық пікір туғызды. Мұның өзі саяси температурасы төмендеп кеткен Ақтөбеде оппозицияның шаң басқан орнын кімдердің иеленгісі келіп жатқанын анық дәлелдеді. Қаланың жаңа «Батыс» ықшамуданында салынған су жаңа гимназияға өте ашулы оранған әйелдердің талабына Мәжіліс депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл мен облыстық білім басқармасының бастығы Ләззат Оразбаева жақсы тойтарыс берді. Алайда осы алаңда Мәжілістегі Ауған соғысының ардагерінің сөзінен гөрі жергілікті жағдайды жақсы білетін ақтөбелік ақсақал немесе қарасақалдың: «Ата-бабаң Сириядан орамалға оранып келген жоқ, су ішкен құдығың осы жер, білім алған мектебің осы жер. Зайырлы мемлекеттің зайырлы заңы ұнамаса, хиджаб киген мемлекетке кетуіңе жол ашық» деген сөзі жетіспей тұрды.
Осы көрініс 2011, 2016 жылдары Ақтөбеге жағылған діни радикализм бояуының әлі кеппегенін көрсетеді. Облыс бойынша 2500 сәбидің екпе алмауы, облыстағы радикализмнің жарылыс ошағы – Кеңқияқта 45 мектеп оқушысының хиджаб шешпегендігі үшін мектепке кіре алмай жүргені – діни саладағы жағдайдың әлі түзеліп кетпегенін аңғартады. Бес айдан бері орамал үшін соғысып жүрген әйелдер көздері жәутеңдеп отырған балаларының қатардан қалып бара жатқанын аналық түйсікпен сезініп жандары ышқынса да, қатып қалған догманың жетегіндегі жалған намысы құрғыр бәрібір жібермей тұр. Дегенмен, Ақтөбедегі «хиджаб майданындағы» алғашқы жеңілістер де тіркелді. Бүгінде 200-ден астам мектеп, колледж оқушысы бастарындағы байлауды шешсе, 75-і ғана райынан қайтқан жоқ. Жақын күндері діни фанатизм жетегіндегі шешелері райынан қайтса, қыздарының да қуана-қуана қатарластарына қосылар күні жақын. Әзірше екі тоқсаннан бері «хиджаб майданындағы» әсіребелсенділікке мектептің әйел мұғалімдері ғана лайықты тойтарыс беріп тұр.
Әкімдер рейтингінде Қырымбек Көшербаев, Бауыржан Бәйбек, Әсет Исекешовпен бірге үнемі алдыңғы төрттікті бермейтін Бердібек Сапарбаев 2016 жылдың күзінде Бас прокурор бастаған десанттық топтың кездесуінде «терактілердің іштен не сырттан келетін қаржыландыру көздерін анықтаймыз», - деп уәде берген еді. Сол жолы өте белсенді, Бас прокурордан гөрі Президент Әкімшілігінің жетекшісіне ұқсайтын Жақып Асанов Ақтөбе радикализмінің әлеуметтік бейнесін былайша сипаттады: «Басым көпшілігі бұрын сотталған, кәдімгі қылмыскер, Құранды қолына ұстамаған, діннен хабары жоқ, отбасынан безген, бауырларын, туыстарын қадірлемейтін, қараңғы, сауатсыз адам».
Ал, өткен жылдың желтоқсанынан бері Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында бұрынғы «Ағайынды төртеу» қылмыстық тобының жетекшісі Еркін Ізбасар тобына қатысты қаралып жатқан қылмыстық іс «мұнай ұрлап, салафиттерді қаржыландыру» ісіне нүкте қою мақсатында жүргізіліп жатқандай. «Төртеудің ісі» қылмыстық материалдары 1990-шы жылдардың киносын көп көрген тергеушінің қиялынан туған дүниеге ұқсап кеткен. Бұл жерде Еркін Ізбасарды 1990-шы жылдардың ортасынан уақыт машинасы суырып алып, қазіргі сот залына отырғызып қойған сияқты, ақша бопсалады деп арыз жазған куәлер сот залында сөздерінен айнып, тұра қашуға дайын тұр. 2016 жылғы маусымдағы терактіден соң облыстық ішкі істер басқармасының бұрынғы орынбасары бүркемелеген топ Ақтөбедегі Қытай мұнай компаниясы құзырындағы Байғанин ауданының елсіздегі кеніштерінен ауыр жүк көліктерімен мұнай ұрлап, оны Ақтөбедегі жасырын мұнай зауытына өткізіп отырғаны анықталды. Қаралып жатқан қылмыстық істе мүгедек Еркін Ізбасар ұрланған мұнайдың әр тоннасынан 1 теңгеден алып отырды деген айыптың салмағы ауыр. «Ағайынды төртеу» ісінің сыртында мұнай ұрлау бизнесін бақылауда ұстап отырған Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасының бұрынғы орынбасары Аханов ісі тасада қалып барады. Өңірдегі жылдың ең үлкен оқиғасы деп осы дауды атауға болады.
Дегенмен, діни жағдайды қалыпқа түсіру үшін жасалып жатқан әрекеттерге қарамастан, Сирия соғысынан қашып-пысып оралып жатқан жергілікті салафит қазақтардың арамызда жасырынып жүруі де мүмкін. Осы күнге дейін Сирияда соғысқан 500 қазақстандықтың қаншасы Ақтөбеден екені белгісіз.
Міне, осы жағдайлар – ҚР Президенті сапарларында үнемі қайталайтын «өндірісі жоғары, инфрақұрылымдары жақсы дамыған, интеллектуалды адамдары көп» «Құтты мекен –Ақтөбенің» жақсы сипаттамасына көлеңке түсіріп тұр. Қысқасы, идеологиялық жіптің бір ұшы босап кеткен. Босаған шетін саяси кеңістікті бос қалдырмайтын қырағы топтар ұстап алды. Ақтөбе облысында мектеп, колледж оқушылары мен ата-аналардың байланыс нашарлап, әлеуметтік аз қамтылған топтар қоғам назарынан тыс қалды, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар бақылауды әлсіреткен. Ал, Ақтөбе облысында жұрттың көңілінен шығып жатқан істерге – аудан орталықтарының түгел газдандырылуы, биылғы жылдан бастап 1000-адамнан асатын тұрғыны бар, көлік жолына жақын ірі елдімекендерге көгілдір отынға тартылуын атауға болады. 2017 жыл бойынша 51 мектеп салынды, кезекте тұрған азаматтар жер телімдерін қиындықсыз алып, спорт мектептері көптеп салынып, күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, бау-бақша егу, оларды өңдеуде Ақтөбе облысы ақсап тұр. Суармалы жерлерді көбейту үшін су жинау керек деп шешкен Бердібек Сапарбаев өткен жылдың қысында су қоймаларын құлыптап, нәтижесінде Ақтөбенің шеткі бөлігі суға кетіп, адамдар ашық аспан астында қалды. Бұрынғы саяжайлар орнына рұқсатсыз салынған үйлері суға ағып кетіп, не кіруге мүлдем жарамсыз болып қалған тұрғындарға өткен жылдың маусымында қаланың шетіндегі көрікті жер – Қурайлыдан 8 сотықтан жер телімдері бөлініп, тіпті шағын үйлер де салып берді. Осылайша, жиырма жылдан бері әлеуметтік жарылыс ошағына айналып келе жатқан саяжайдағы ағайындардың тіршілігі де әжептәуір түзеліп қалды. Тағы бір кемшілік – шағын және орта бизнес нысандар тегершігінің дұрыс айналмай отырғаны. Ауыл шаруашылығымен айналысатын құрылымдар өте аз. Еңбекке қабілетті, жұмыссыздықтан базарға кеткен әйелдер қайта орала алмай жүр. Ерлердің кәсібі – вахта, такси, күзетшілік. Көпшілік адамдардың өз кәсібін ашуға құлықсыздық танытуы не жүргізе алмау себебі неде? Осы жағы белгісіз.
Дағдарыс өңірдегі ірі ойыншыларды кетірді: Ақтөбе облысының Әлібекмола мен Қожасай кеніштерінде жұмыс істеп жатқан Ресейдің Лукойл компаниясының еншілес құрылымдары Ақтөбеден баяғыда кетіп, үлесін Қытай мұнай-газ корпорациясы қағып алды. Сол сияқты Мұғалжар ауданындағы «Юбилейное» кенішінде жұмыс істей бастаған ресейлік алтын қазушы компаниясы ла тұралап тұр. Ресей үлесіндегі «Орыс мыс компаниясының» бөлімшесі Хромтау ауданында Көктау кенішінде мыс қазуда. Дағдарыс, РФ Орынбор облысының Ақтөбеде жұмыс істейтін біріккен компанияларының жұмысына да кесірін тигізді. 850 мың тұрғыны бар Ақтөбе облысы – Ресей нарығына тым тар, ол жақтың жағдайының бұл жақтың жағдайынан мәз еместігі бесенеден белгілі. Есесіне құны 1 миллиард доллар тұратын Қытайдың химиялық өңдеуші кәсіпорындары келді. Тура бір жыл бұрын Сапарбаев Пекинге барып келісім жасасқан.
Дағдарыс кезіндегі жергілікті нарықтағы ең үлкен ойыншы – газ тарату стансалары. Бұл жерде де бұрынғы кландық топтардың құзырындағы газ тарату желілері, газ құятын жанармай бекеттері біртіндеп уыстан шығып жатыр. Оның үстіне, алғашқы индустриаландыру жылдары үкіметтің 800 миллион АҚШ долларына салынған «СНПС-Ақтөбемұнайгаздың» Жаңажолдағы газөңдеуші зауыттары газ өндіруді жылдан жылға ұлғайтып келеді. Қытайлар Ақтөбе облысы тұрғындары үшін сұйытылған газдың әр тоннасын 28 мың теңгеден саудаға шығарады. Облыстың тұтыну көлемі – ай сайын 9 мың тонна.
Алайда, негізгі газ тарату желісінің билігі – басқа алматылық компанияда. Сапарбаев келгелі газдың бөлшек саудасымен айналысатын ақтөбелік серіктестіктер экономикалық контрабандамен айналысты деп айыпталды. Жергілікті кландар үлестен қағылған соң 2015 жылдың 14 қыркүйегінен бастап Ақтөбе облысын басқарып келе жатқан Бердібек Сапарбаевқа қайта-қайта ақпараттық шабуылдар жасалып келеді. Жергілікті нарықтағы үлкен ойыншылар алмасты, жаңа ойыншылар келді. Ақтөбелік кәсіпкер Лапшиннің тамаша бизнесі, оның уысынан жұлып алынған Ақтөбедегі шағын мұнай өңдеу зауыты да ойыншыққа айналды. Меншіктік құқығы әлі белгісіз. Жергілікті тұрғындарға жұмыс беріп тұрған осы шап-шағын кішкентай өндіріс «салафиттерді қаржыландыру» ісімен, Ізбасар ісімен мұқият жымдастырылды.
25 жыл ішінде Ақтөбенің басым өндірісқұраушы, салық базасын құраушы ірі хром кәсіпорындары мен мұнай кеніштеріндегі үлесінен Ақтөбе өңірінің халқы құралақан қалды. Олигархтар құзырындағы алпауыт кәсіпорындардың жергілікті инфрақұрылымдарды қиратып, экологиялық зардаптарға соқтырғаны үшін өңір тұрғындары іштей қарсы. Бұл қарсылық – сыбағадан құр қалған жергілікті кландар қарсылығынан мүлде басқа. Оның үстіне, соңғы екі теракт, дағдарыс, ірі өндіріс орындарындағы қысқартулар – ел ішін абыржытып тастағаны анық. Аслан Мусиннің елден кетуі де бизнес-климатқа кері әсерін тигізді. Тәуелсіздік күні мерекесінде жергілікті ықпалды бизнес тұлғалардан сый-сияпатын аямайтын Сапарбаевтың сыртқы ашықтығына қарамастан, Ақтөбе өңірі томаға-тұйық қалыпқа түсті. Жұрт құлықсыз. Кей жағдайда Ақтөбеде бас көтеретіндей адам қалмағандай болып тұрады.
Дегенмен, қазынаның кілті кімнің қолында болса, қазанның құлағы да соның құзырында болатынын ұмытуға болмас...
Баян Сәрсембина,
Ақтөбе
Ұлт порталы