Кеше қызық болды. Түнде түс көріппін. Түсімде ғажап іс көріппін. Тура өңім сияқты. Пойызда отыр екенмін дейім. Қайда бара жатқанымды Құдай білсін. Терезесі бар. Бірақ одан дала көрінбейді. Бір қызық әлем. Купеде екі-ақ адамбыз. Қарсымдағы қарияның түрін шырамытып отырмын. Жүзі өте жылы, етене таныс. Тани кеттім. Ой, қуанғаным-ай сол кезде. Шыдай алмай:
- Виктор Франкл емессіз бе? - деп дауыстап жібердім.
- Иә, Шәнжархан. Виктор Франкл атаң боламын, айналайын, - деді. Міне қызық! Қазақша сөйлеп отыр. Қуанып кеттім. Ана тілі неміс қой оның. Мен немісше білмеймін. Мұндай жақсы болар ма!
- Қазақша қайдан білесіз? - деппін жүрегім жарыла жаздап.
- Шәнжархан-ау, саған не болған? Трансцендентті әлемде тіл деген
проблема жоқ қой. Тіл шартты құбылыс. Бұл жақта тек ЛОГОСПЕН сөйлесеміз. ЛОГОСТЫ қазақ тілімен де шебер жеткізуге болады. Шыны керек, кейде қазақша сөйлеген маған ұнайды. Қазақ тіліндегі мақал, тақпақ, жыр, өлең, хикмет, қиссаларды тыңдағанда кезде кәдімгідей дух аламын. Мен ондай кезде Шәкәрімнің ана хикметін жатқа айтқанды жақсы көремін, - деді де:
Шебер тіл жүйрік ойды шеше білсе,
Таусылар деп ойлама сөздің кені,
Жыр, өлең, насихат сөз, мақал, тақпақ
Тауып айтса – дауасыз дерттің емі! - деп бір шумақ өлеңді қазақша төгіп сала берсін әлгі жерде. Аузым ашылып мен отырмын.
- Шәкәрімді қайдан білесіз? - деймін таңғалып.
- Кеше менің ЛОГОТЕРАПИЯМЫДЫ аударғанда «Рухтар бірлестігі» деген бөлімді оқымадың ба?
- Оқыдым.
- Оқысаң сол. МӘН іздеп, құндылық өндіріп, артында ғибратты із қалдырған адамдар болмыс сипатында трансцендентті әлемде бір бірімен кедергісіз араласып, құраласып жүре береді. Субъекті мен объектінің тұтастығы ғой. Олар әлеммен бірге де емес, бөлек те емес. Тұрған бір ғажап құпия дерсің! Кейін өліп бұ жаққа келіп жатсаң, өз көзіңмен көріп таңғаласың. Бірақ шарты сол, ол үшін артыңда ғибратты із қалу керек. Мәдени құндылық өндіріп, кейінгі ұрпаққа қалдыруың керек.
- Сонда қалай, біз қазір ғайып әлемде жүрміз бе?-дедім мен таңғалып.
- Иә, да. Мен қазір онтологиялық өлшемде өмір сүрем. Жәй сенімен тілдесу үшін, мені Тәңірі тағала онтикаға айналдырды да, денеге кіргізіп, сенімен арнайы сапарлас етті.
- Арнайы? Тәңірдің өзі? Не үшін? Бұл кездесудің не хикметі бар?
- Бұл Тәңірдің саған берген сыйлығы деп білем, Шәнжархан. Он айдан бері 5-6 жігіт жабылып, менің ЛОГОТЕРАПИЯМЫДЫ қазақ тіліне аударған жоқсыңдар ма? Бұл соның құрметіне. Тәңірі тағала ақыңды жемейді.
- Иә, кітапты аудардық. Онда Мұхит, Айбек, Сұлтандар неге жоқ? Олар да кітапты құрауға қатысты ғой?
- Атаң қазақтан мынадай жақсы сөз қалған, балам. «Ұйқыдан өткен нас жоқ. Қымыздан өткен ас жоқ. Қырықтан асқан жас жоқ» деген. Олар отызға енді толды. Қырықтың қырқасынан ассын, сосын оларға да осындай сапар нәсіп болады. Сен команданың үлкені болғандықтан осындай ғажап сапар саған ғана нәсіп болды. Сапар аяқталмай тұрғанда мазалаған сұрақтарың болса сұрап ал, - деді. Өзімді мазалаған сұрақты қоюға оқталып тұрдым да кенет кілт тоқтадым. «Әй, өзімді ғана ойлағаным қате болар. Нағыз ер жеке басының емес, елдің қамын жесе керек-ті. Одан да біраз жұртты мазалаған сұрақтардың жауабын біліп алайын. Өзімшілдікке салынбайын» деп өзіме тоқтау салдым да бүй дедім:
- Франкл ата, өткенде бір тәп-тәуір қазақ қызы ФБ-дағы парақшасына жаман суретін салып қойыпты. Ол бұрын жап-жақсы қыз еді. Бір күні өзінен-өзі тұрды да омырауын ағытып, екі анарының қақ ортасына дейін жалаңаштап, күллі еркектің құмарлығын қоздырып, селфи жасапты да лентаға салып қойыпты. Бұ заман не боп барады?
- Ал? Салса не бопты?
- Қалай, салса не бопты? Ондай ұят іс - қазақ қызына тән емес! Қазақ қыздары кеудесін ешқашан жалаңаш көрсетпеген. Қос анарын некелі жарынан басқаға ұстатпаған, - деймін мен қызынып.
- Сонда не, қазақтан басқа халықтың қыздары омырауын аша береді дегің кеп тұр ма? - деді Франкл ата. Қарсы сұрақ қойылғанда сасып қалдым да:
- Енді жалпы айтып жатқаным ғой. Бұрын бізде ондай болмаған.
- Бұрын ондай селфи барлық елде болмаған. Қазақ қызының анарын жарқыратып селфи жасап, суретін лентаға ашық қойуынан шошып қажеті жоқ. Оның ісі заңды. Ол табиғаттың талабын орындап тұр, - демесі бар ма. Осыны естігенде өз құлағыма өзім сенбедім. Шошып кетіп:
- Франкл ата, сіз бе осы сөзді айтып тұрған? Қалайша дұрыс? Бұл масқара ғой. Ұятсыздық қой? Қалайша арсыздықты қолдап тұрсыз? Өзіңіз еще кітапта «Адам арлы болу керек» дейсіз. Бұл қайдан шыққан қайшылық?
- Ай, Шәнжарханым-ай, жасың 40-тан асса да надандығың қалмады-ау
сенің. Ол енді былай. Бері қара. Мұқият тыңда.
- Екі құлағым сізде, - деп аузына қарап қаппын. Ішімнен «Неужели бұл да екіжүзді ғалым болды» деп уайымдап отырмын.
- Балам, адамның ішінде «түпкі мотив» деген болады. Яғни адам бұл өмірде автоматты түрде немесе бейсаналы түрде бір нәрсеге еріксіз талпынады. Мен оны «МӘНГЕ талпыныс» деп атадым. Оны өзің де айтып, ФБ-да жазып жүрсің, солай емес пе?
- Ия, солай. (Ішімнен «Бұ кісі ФБ-да менің посттарымды жібермей оқитын боп тұр ғой сонда» деп қоям)
- Міне, сол мотив кез келген адамға тыныштық бермейді. Іштен түртеді де тұрады. Ана қызға да сол негізгі мотив маза бермей жатыр. Ол күніге лентаны ашып қарайды. Қараса, елдің бәрі дараланып, бір бірінен ерекшеленіп, жеткен жетістіктерін жарыса салып жатыр. Ол қыздың да түрі, мінезі басқадан бөлек. Ол да дара тіршілік иесі. Тәңірі тағала барлық адамды қайталанбас ғажап етіп жаратқан. Біреуде бар дарын мен даралық екіншіде кездеспейді. Адам болу – даралану! Яғни түпкі рухани түйсік оған «Мен басқалар сияқты емеспін. Мен дара тұлғамын. Мен ерекшемін» деп сигнал жіберіп жатыр,- дей бергенде шыдай алмай:
- Сөйтсе не екі емшегін суретке түсіріп даралану керек пе екен? Сол дұрыс па енді? - деп дауыстап жібердім. Франкл атам байсалды қалпын бұзбастан маған қарап:
- Т-ө-ө-ө-у, Шәнжархан-ай, сен өзің Бекежан мырза сықылды сөзді бөле бердің ғой. Толстой атаңның не дегенін білесің бе? Ол «Люди учатся как говорить, а главная наука - когда и как молчать» деген деп аяқ астынан орысша сөйлеп кетті. - Сен әңгімені үзбесейші. Өзің де қисса айтып отырғанда біреу-міреу сөзіңді бөлсе жақсы көресің бе? - деп қазақшалап ұялтып тастады.
- Кешіріңіз. Екінші қайталанбайды, - дедім екі құлағым қызарып. – Айта беріңіз,-дедім.
.- Сонымен қазақ қызы біреуге ұқсағысы келмейді. Ноологикалық өзегіндегі рухани болмысы «Мына тобырдан бөлініп шық. Даралан. Құдай үшін біреуге ұқсап кетпеші» деп шыңғырып жатыр. Даралану үшін оған ең бірінші құндылық керек. Әр адамның көкірегінде құндылық сақтайтын сандық болады. Оны менен көрі Құнанбайдың баласы хәкім Абай әдемі бейнелеп жеткізген. Қарашы, Абай қалай сөйлейді:
Іштегі кірді қашырсаң,
Түседі Хақтың сәулесі.
Жүректің көзі ашылса,
Адамзаттың хикмет кеудесі - деп Абайдан үзінді оқымасы бар ма әлгі жерде.
- Сіз Абайды да танисыз ба? - деймін одан сайын есім кетіп.
- Айттым ғой жаңа. Бұ жақта бәріміз біргеміз. Хәкім Абай мұнда ең жақын достарымның бірі. Кейде қасында сағаттап отырып өлеңдерін тыңдаймын. Ой, бір ғажап ТҰЛҒА! Құдайдың қазаққа берген үлкен бағы десе де болады! - деп тамсанып қояды. Сөйтті де сөзін қайта сабақтап:- Сонымен құндылық сақтайтын сандықты Абай «ХИКМЕТ КЕУДЕСІ» деп атады. Міне сол сандыққа ХИКМЕТ пен ҚҰНДЫЛЫҚ жиналмаса, адам ауру болады,- дей беріп еді, мен:
- Экзистенция вакумы! - деп дауыстап жібердім тағы да шыдай алмай әрі сол терминді білетінімді айтып мақтанғым келіп. Ол:
- Әй, сабазым, осы жолы жарадың! Дұрыс айтасың. Ол аурудың аты - Экзистенция вакумы. Яғни хикметсіз кеуде жүре келе, қуыс кеудеге айналады. Айтпақшы қазақ тілінде «ҚУЫС КЕУДЕ» деген тіркес ілкіден бар емес пе?
- Иә, бар. Бірақ ол сәл басқалай мағынада айтылады.
- Жарайды, ештеңе етпейді. Сол тіркесті термин етіп алсаң болады. Бұл кәдімгі диагноз. Құндылық жинап, кеудені кірден аршып, адам бір сәулелі МӘНГЕ ұмтылмаса, оның соңы түрлі трагедияға соқтырады
- Сонымен не болды, ата? Бағанығы қыздың ісі дұрыс болды ма әлде
қате болды ма? - дедім шыдай алмай.
- Шәнжархан, Құдай үшін, қит етсе «Дұрыс па?», «Бұрыс па?» дейтін ескі моральдік танымды тасташы. Бұл тозығы жеткен көне таным. Мен барлық еңбегімде осыны бірнеше рет ескерттім.
- Енді қалай тануым керек? Ақ пен қараны ажырату керек шығар?
- Иә да. Онсыз бола ма?! Бірақ кім айтты саған әлемде АҚ және ҚАРА деген екі-ақ түс бар деп? АҚ түстің өзін жеке дара тексерсең әлемдегі сансыз түс бір ғана АҚ түстен бөлінеді. Және оның түбі жоқ. Шартты түрде ғана оларды жеті түске бөлгенбіз. Яғни АҚ түсті болмыстық тұрғыдан тарқатсаң, ішінен сан алауан түс шұбатылып шыға береді. Тіпті шексіз деуге болады. Құдайдың құдіреті деген осы! Енді осыны барлық танымға қолдан. Соны меңгерсең бүкіл қоғамды АҚ пен ҚАРАҒА бөліп қарайтын надандықтан құтыласың. Дана болу, ойшыл болу деген кез келген адамның даралығын көре білу және соны сөзсіз мойындау!
- Енді?
- Тілімді алсаң бұдан былай моральдік танымнан біржола кет. Мәселеге онтологиялық қырынан кел. Болмысты түбінен ажыратып үйрен. Заттың табиғатын, сипатын бөлшектеп тануға тырыс. Сонда ғана жарыққа шығасың. Яғни сұрақты «Дұрыс па, бұрыс па?» деп емес «Бұл іс МӘН табуға көмек пе әлде кедергі ме?» деп сұра. «Көмек» десең іліп ал. «Кедергі» десең тастай сал. Бітті! Сосын проблема болмайды,-дей бергенде купеге жап-жас, әдепті киінген һәм сыпайы сөйлейтін бір жолсерік келіншек рұқсат сұрап кірді де:
- Мистер Франкл шай ма, кофе ме? - деді. Франкл:
- Мен екеуін де ішпеймін. Дұрысы ішуге мұқтаж емеспін. Мен қазір әруақ сипатындамын. Маған ЛОГОС болса жетіп жатыр. Содан ғана рухым қуат алады. Ал, Шәнжархан әлі өлген жоқ. Денесінде жүр. Сондықтан оған сүт қатқан күрең шай әкел, - деді. Жолсерік маған жылы жүзбен қарап:
- Айтпақшы, құтты болсын! Логотерапияны қазақша шығарыпсыңдар
ғой. Жалғасын күтеміз!- деді де: - Жақсы, шайды қазір дайын қыламын, - деп кетуге айнала беріп еді Виктор атам тағы да:
- Әй, қызым, қолдың сүті болсыншы. Біздің Шәнжархан магазиннің өтірік сүтін іше алмайды. Сосын қант керек емес. Бухарский мейіз бен кептірілген өрік әкелші. Бұл бала «белая смерть» деп қантты жемейді. Шайды мейізбен ішеді, - деді. Жолсерік: «Мақұл, ата» деді де шығып кетті. Ішімнен «Құдая тоба, оның бәрін қайдан біледі» дей бергенімше Франкл маған қарап «Солай ма Шәнжархан? Мейізі бар үйді періште күзетпей ме?» дегенде тіптен құлап қала жаздадым. Мен:
- Ия, қиссада солай келген. Нұхтан басталған оқиға ғой.
- Ия, соны айтып отырмын ғой. Әй, қазақтың қиссасы керемет қой, шіркін! Қисса өнерінде еврейден озбасаңдар, қалмайсыңдар. Соларыңа риза болам. Әсіресе ана «Отбасын хрестоматиясын» жазатын со-автор қызылордалық жігіттің аты кім еді?
- Айбек па?
- Жоқ, Айбекті білем ғой, ана ТАБЫН ше?- деп руын айтты.
- Мұхит па?
- Ия, сол. Соның мейіз туралы бір жақсы тақпағы бар еді ғой. Соны ұмытып отырмын. Айтып жіберші, - деді. Мен тоқталмастан:
Шоқтанып түзілген.
Тәтті жоқ жүзімнен
Піскенде балбырап,
Бұтадан үзілген.
Әкелген жұмақтан,
Суарған бұлақтан
Мейізі бар үйді
Періште ұнатқан, - деп тақпақты тақ-тақ еткіздім.
- Ой, осы тақпақ керемет ұнайды ше! Сен елдің ішінде қисса айтып отырып, осы тақпақты оқығанда мына жақта біз мәз-мейрам боп жатқан жерімізде бір-бір аунап түсеміз. «Ай, жарайсың, Мұхит! Тақпақты қатырады» деп күллі әруақ бір шуласып аламыз, - деді. Сөйткенше болған жоқ жолсерік қолдың сүті қосылған бір кесе бұйра шай мен бір уыс мейіз әкеп дастарқанға қойды да: «Сұхбаттарыңыз мәнді болсын!» деп шығып кетті.
- Сонымен не айтып отыр едік бағана? - деді атам.
- Сұрақты дұрыс қою жайлы боп жатқан. Жарайды, онда сұрақты онтологиялық тәсілмен қоям. Ана қыздың қос анарын жарқыратып селфи жасап лентаға қойуы МӘН табуға көмек пе әлде кедергі ме?
- О, міне көрдің бе, уже ақылың өсті! Жарайсың жас қазақ! Тәк сонымен бұл селфиді былай талдаймыз. Қазақ қызы елден ерек көрінгісі келді. Ол дұрыс! Рухтың әмірін орындап, топтан шығуға талпынды. Бірақ жалаңаш анарымен селфи жасап дараланғанда бір тобырдан шықты да, екінші бір ессіз тобырға топ ете қалды. Қазақша оны «Боқты боққа ұрсаң былш етеді» дейді. (Мен ішімнен «Мен білмейтін қайдағы жоқ мақалдарды қайдан біледі?» деп қоямын) Бірақ оған ұрсып, мораль оқуға болмайды. Оған көмектесу керек. Оны экзистенция вакумынан алып шығатын механизмді күшейту керек.
- Қалай?
- Қоғамда құндылықты көтеру қажет. Ана қыздың рухани өзегінде өзіне ғана тән қайталанбас талант жатыр. Ол қыз міндетті түрде бір нәрсеге бейім. Дарынсыз, икемсіз адам болмайды. Болады десек, онда «Құдай барлық адамды тең жаратқан» деген әділдік принципіне қайшы келеміз. Бірақ оның табиғи жолмен дараланып шығуына әлеуметтік тағдыр кедергі келтірген. Яғни ата-анасы туған туыстары «Әй, қой ол өнерді. Одан да мынаны оқы. Зато жұмысың болады. Кейін осы мамандықпен жақсы пұл табасың» деп даралығын жаншып тастаған. Қызығатын заты қалмаған соң пенденің құндылық жинауға құлқы болмайды. Егер жаны қалайтын игілікті ісімен шұғылданса, сол саланың мамандарын зерттеп, кумирлерінің өмірін ақтарып, суреттерін жинап өзінше дамыр еді. Бірақ әлі де кеш емес. Адам позициясын бір-ақ секундта ауыстырады. Рухтың да кереметі сонда. Ешқашан біржола шырмауға түспейді.
- Құндылықты қалай жинайды?
- Оның сау адамға арналған екі түрі бар. Біріншісі «Жасампаз құндылық». Ол кезде адам бейіміне қарай зейінін шыңдайды. Үйірмеге барады. Өнеріне өнер қосады. Шығармашылықпен шұғылданып, бір заттан бір затты жасағанда кеудесі құндылыққа толып, салихалы жолмен дараланады. Оған әлі келмей жатса, екінші әдісті қолдансын. Оны «Сезім құндылығы» дейді. Ол кезде басқаның тудырған мәдени өнімін тұтынады. Театрға барсын, концерттен қалмасын. Ну, желательно дәстүрлі әншілерді тыңдаған жақсы. Или Мүсілім Әмзенің фольклорлы оркестрмен беретін концертін жібермесін. Басқаға қайдам, өзіме Маңғыстаудағы Абылдың күйі «АБЫЛ» қатты ұнайды. Тұнып тұрған философия ғой шіркін! Мен оны мына трансцендетті әлемде жиі көрем. Көрген сайын «Абыл, осы күйді қалай шығарғансың ғой?! Ғажап қой мынауың!» деп риза болам. Не болмаса ол қыз музейге барсын. Олай етуге ақшасы болмаса, батып бара жатқан күнге қарасын. Қызарып батқан күннің өзі адамның кеудесін құндылыққа толтырады. Осылайша адам құнды тіршілік иесіне айналады. Бойжеткеннің кеудесі құндылыққа толған кезде «Санжар, мен қалай даралансам болады?» деп сенен ақыл сұрамайды да. Сондықтан елге мораль оқи бермей, тұтынатын құндылық ұсыныңдар.
- Осылай етсе ол дарақы жолмен дараланудан біржолата тыйлады ма?
- Әлбетте! 100 % гарантия беремін. Көкірегі хикметі толы, құндылық өндіретін адам ешқашан лентаға жалаңаш денесін салмайды. Елге көрсететін ешқандай өнерің мен ұсынатын құндылығың қалмағанда, амал жоқ шешінуге тура келеді.
- Тойларда шалбарын шешіп, түрсимен билейтін қазақтар да солай ма?
- Солай десе де болады. Айтып отырмын ғой, ел жұртқа көрсететін өнерің, ұсынатын мәдени өнімің, айтар хикметің, жүрегін тербейтін маржан сөздерің қалмағанда шалбарыңды шешіп к....ді көрсетіп дараланудан басқа амалың қалмайды. Себебі түпкі мотив түрте береді. Адам болған соң ортаға әйтеуір бір нәрсе шығаруың керек. Міне көрдің бе, проблемаға онтологиялық қырынан кірсең бәрі де заңды. Өзектегі рухани болмыс «даралан» деп іштен тепкілеп жатыр. Ол дараланғысы келеді. Даралап көрсетейін десе кеудеде дым жоқ. Көкірегі қуыс. Амал жоқ к...ін ашып көрсетеді. Енді өзің айтшы Шәнжархан, экзистенция вакумында жатқан адамдар басқа несін көрсетеді? - дей бергенде селк етіп оянып кетіппін. Үстім шылқылдаған тер. Бибім де оянып кетті. Ол:
- Неге шошып ояндың? Ауырып жатсың ба? Кейінгі кезде дұрыс ұйықтамай жүрсің. Саған не жетпейді? - деді.
Маған хикмет жетіспейді - деппін сандырақтап.
Санжар Керімбай,
Ұлт порталы