01 шіл, 2022 сағат 14:45

Санкциялық текетірес ЕАЭО қызметін трансформациялауды талап етеді – Тілеуберді


Санкциялық текетірес Еуразиялық экономикалық одақ қызметін трансформациялауды талап етеді. Бұл туралы «Халықаралық қатынастардың қазіргі заманғы жүйесіндегі Қазақстан Республикасы» атты халықаралық конференция барысында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктесі Ресей Федерациясымен сындарлы өзара іс- қимыл бұрынғыдай қарқынды дамып келеді. Еуразиялық интеграцияның белсенді жақтаушысы бола отырып, еліміз бірқатар өңірлік ұйымдардың – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының және Еуразиялық экономикалық одақтың негізін қалаушы болды», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, Қазақстанның 2022 жылы ТМД-ға төрағалығының басты назары - мемлекеттердің тұрақты дамуының басты факторы ретінде экономикалық ынтымақтастықты арттыру арқылы ұйым қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру. 

«Санкциялық текетірес ЕАЭО қызметін шынымен де еркін нарық құру мақсатында трансформациялау қажеттілігін талап етеді. Бұл - қауымдастық экономикалары өсуінің өмірлік маңызды шарты. Ұйымның негізгі міндеттері бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту, мүше мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау екенін ескерсек, Қазақстанның ҰҚШҰ-ға қатысуы ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан ең маңызды бағыт болып саналады», - деді Мұхтар Тілеуберді.