01 нау, 2020 сағат 10:08

Санитарлар әуежайлар мен теміржол вокзалдарында 32,4 мың адамды тексерді

Санитария-карантин пункттерінің мамандары халықаралық әуежайларда және теміржол вокзалдарында Қытаймен шекаралас мемлекеттер арқылы өткізу пункттерінде – 32 456 адамды тексерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне сілтеме жасап. 

Комитеттің мәліметінше, ҚХР мен шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасуда. 2020 жылғы 6 қаңтардан 28 ақпанға дейін елімізге 32 456 адам келген. 

«6 қаңтар - 28 ақпан аралығында Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің санитария-карантин пункттерінің мамандары халықаралық әуежайларда және теміржол вокзалдарында Қытаймен шекаралас мемлекеттер арқылы өткізу пункттерінде – 32 456 адамды қарап-тексерді.

Келген 24 469 адам мониторингіге алынды, 24 432-інен мониторинг алынып тасталды, соңғы 14 күнде келген 27 адам медициналық бақылауда қалады», делінген хабарламада.

1 науырызда ыстығы көтерілген және ЖРВИ белгісі бар 165 адам емдеуге жатқызылды, оның барлығы қазір үйлеріне шығарылды.

Сондай-ақ, 23 ақпанда түнде сағат 2:30-да Нұр Сұлтан қаласына Токио қаласынан 20 қазақстандық азамат келді (оның ішінде 4 адам – «Diamond Princess» жапон лайнерінің жолаушысы). Барлығы медицина және зертхана тексеруінен өту үшін ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы қанағаттанарлық. 

Емдеуге жатқызылғандардың барлығының сынамасы қосымша бақылау үшін Алматыдағы Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығына жіберілді. Бұл орталық жаңа коронавирусты ПТР-диагностикалау әдістемесін игерген.

Республикада қолдаушы терапия үшін қажетті дәрілер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар жеткілікті, инфекциялық ауруханаларда оқшаулауға арналған бокс орындар бар, дәрігерлік және орта медицина персоналы дайындалған.
Бұл жағдай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында екенін атап өту қажет.

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін келесі алдын-алу шараларын сақтауды ұсынады:
- қолды, бетті сабынмен жиі және мұқият жуу керек;
- қолды залалсыздандыруда спиртті антисептик қолдану керек;
- адам көп жиналатын орындардан аулақ болыңыз;
- науқас адамдармен байланыста болмау керек;
- суық тию белгісі (ыстық көтерілу, мұрын бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болған жағдайда, тұрғылықты жеріңіз бойынша дәрігер кеңесін алу қажет.

Ресми ақпаратты министрліктің әлеуметтік желідегі парақшасынан білуге болады, сұрақтар бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 нөмірлі Call-орталыққа қоңырау шалуға болады.