11 шіл, 2022 сағат 18:14

«Самұрық-Қазынаның» қоғамдық кеңесі: Ел аузында жүрген елеулі мәселелер талқыланды


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ғимаратында бүгін қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оның төрағасы Болат Жәмішев пен кеңес мүшелері алдында бүгін қордың жауапты қызметкерлері есеп беріп, жиында ел көкейінде жүрген мәселелер қозғалды, деп хабарлайды "Ұлт порталы".

«Самұрық-Қазына» қоры және оның еншілес компанияларында бұл күнде 258 мыңға тарта қызметкер еңбек етеді. Қордағы 279 портфельді компанияның табысы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 6,2 пайызын құрайды. Отырыста есеп берген «Самұрық-Қазына» қызметкерлері реформалау бағдарламалары мен жүйелі іс-шаралар туралы сөз қозғады. Қаржылық көрсеткіштерін жариялады. Жемқорлыққа қарсы күрес пен комплеанс мәселелері жөнінде де айтты. Жоспарын да бөлісті.

Негізгі есептен кейін Қоғамдық кеңес мүшесі Ерлан Саиров демалыс кезінде әуе және ұшақ билеттерінің бағасы, газ бағасы мен қордың спортқа бөлетін қаражатының мәселесін көтерді. Экономист Данияр Темірбаев ІРО-ға қатысатын акционерлер тиісті деңгейде қорғалуы керектігін айтса, Айдар Қазыбаев «Самұрық-Қазына» басшысының өзі көпшілік алдында есеп берсе деген тілегін білдірді.


Отырыс едәуір қызу талқымен өткенін атап өту керек. Қор қызметкерлері де өз позициясын қорғап, кеңесте көтерілген мәселелерді назарға алатындарын айтты. Мәселен, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қордың әлеуметтік мәселелерге баса назар аударатынын атап өтті. Оның айтуынша, қор өңірлердегі мәселелерді де назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, таяуда ғана Семейде қордың қолдауымен жылына 1200 баланы қабылдай алатын оңалту және ерте араласу орталықтары ашылды. Ол жерде ерекше қажеттілігі бар балалар емделіп, қоғамға бейімделу мүмкіндігіне ие болады. Мұндай әлеуметтік жобалар біршама өңірде бар дейді ол. Қордың өкілдері тарапынан Сәкен Пірмаханов пен Дәурен Ақшалов та кеңес мүшелері қойған өзекті сұрақтарға жауап берді.

«Өз тарапымнан қосарым: жаңа бағдарламалар әрдайым жақсы. Өйткені уақыт өткен сайын міндеттердің маңызын қайта қарап, талдап отыру керек. Жаңа бағдарламаларды соған қарай түзеп отыруға тура келеді. Алайда жаңа бағдарламалар туралы сөз болғанда оның алдындағы бағдарламалар кейінге ысырылып қалады. Сол себепті бағдарламаның жаңасына жүгіріп, ескісін ұмыт қалдыруға болмайды», - деп ескертті Болат Жәмішев. 

Кеңес төрағасы отырысты қорытындылай келе холдинг басшылығына ең бірінші кезекте компанияның қоғамға маңызды мәселелеріне басымдық берсе деп өтінішін білдірді.