"Самұрық-Қазына" ҚХР-лық серіктестерімен 40 коммерциялық келісімге қол қойды. Олардың арасында Қытайдың ең ірі инвестициялық компанияларының бірі «WintaGroup» ұйымымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою шарасы да бар.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына іссапары аясында ұйымдастырылған Қазақстан-Қытай іскери кеңесі барысында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов айтты.
«Біз екіжақты экономикалық қарым-қатынастың ары қарай, бұдан да қарқынды дамығанына мүдделіміз. Екі ел көшбасшыларының кеше өткізген келіссөздері, қол жеткізілген келісімдер мен бекітілген құжаттар осыны кезекті рет дәлелдеп отыр және бизнестің дамуына, екі ел бизнесінің өзара ықпалдастығына жаңа тамаша мүмкіндік береді. Бүгінгі Қазақстан – бұл зор инвестициялық әлеуеті бар мемлекет, осы мақсатта бизнес жүргізу және тікелей инвестиция түсімі шарттарын жақсарту бойынша жүйелік жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі бесінші отырыста құны 13 млрд АҚШ долларды кұрайтын 40-тан астам коммерциялық келісімге қол қою жоспарланып отыр», - деп атап өтті Қор басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, KTZ Express пен JD Logistics арасындағы келісім «Қорғас-Шығыс Қақпа» АЭА-дағы көлік-логистикалық инфрақұрылым бойынша ықпалдастық танытуды қоса алғанда трансшекаралық электронды коммерция аясында логистикалық жобаларды дамытуға бағытталған.
Airport Management Group және Beijing China-Russia united international logistics Co. Ltd ұйымдары да Қазақстан арқылы әуе және жүк тасымалдарын дамытуға бағытталған келісім бекітті. Rail Air жобасы да осы мәміледе қамтылып отыр.
Сондай-ақ Қытай Сауда-өнеркәсіп банкімен, CNPC Guangxi Petrochemical Company және China Express Airlines ұйымдарымн үш келісім бекітілді.