«Самұрық-Қазына» АҚ еншілес компаниясы - «Samruk Kazyna Construction» АҚ құрылыс материалдарының импортын алмастыру үшін жаңа өндірістерді іске қосуға арналған 23 ауқымды жобаға атсалысады. Жобалар 2022-2024 жылдар аралығында іске қосылып, 5 300 жаңа жұмыс орындарын құруға септігін тигізеді. «Samruk Kazyna Construction» АҚ инвестициялық үлесі шамамен 10%, немесе 39,5 млрд теңгені құрайды.
Бұл туралы Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» Қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Атап айтсақ, шетел серіктестерімен Нұр-Сұлтан қаласында 5 зауыт салу көзделіп отыр. Соның ішінде қыш санфаянс пен қыш тақтайшаларын шығару зауыттары бар.
Инвесторлардың көмегімен елорда мен Алматы қалаларында бөлмеаралық есіктерді жасайтын қуаттылығы 500 мың дана болатын зауыт салу, жылына 660 тыс. мың шаршы метр құралатын темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт ашу көзделіп отыр.
Алматы облысында қуаттылығы 60 мың текше метрді құрайтын газобетон шығаратын зауыт, 1,5 млн шаршы метр әрлеу тақтайшаларын шығаратын зауыт салу жоспарланды.
Кызылорда облысында қолданыстағы карьерде жылына 30-40 млн кірпіш шығаратын және 100 000 тонна әк шығаратын силикат кірпіші мен әк өндіретін зауыт ашу көзделген. Атырауда полипропиленнен бұйымдар жасайтын зауыт іске қосылады. Оның қуаттылығы жылына 15 мың тонна болады.
Барлық 23 жобаны іске қосу арқылы Қазақстанның құрылыс материалдары нарығында импорт үлесін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Атап айтсақ, бұл зауыттар толық қуатында жұмыс істесе, шыны мақтасы бойынша импортты алмастыру 90%-ға жетеді, санитарлық фаянс бойынша - 81%-ға, әрлеу материалдары бойынша - 36%-ға, есіктер бойынша - 18%-ға, қыш тақтайшалары бойынша - 11%-ға дейін төмендейді, деді Алмасадам Сәтқалиев.
Оның айтуынша, қазақстандық шикізатты пайдалану арқылы, бұл индустриядағы жергілікті үлесті 80%-ға жеткізуге болады.