18 ақп, 2022 сағат 13:43

«Самұрық-Қазына» қорында сатып алудың жаңа тәртібі әзірленді


«Самұрық-Қазына» ұлттық әлеуметтік қорында сатып алудың жаңа тәртібі әзірленді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, адами факторды азайту мақсатында мемлекеттік бақылаудағы тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылады. Соның нәтижесінде бақылау және қадағалау органдары бизнестің неғұрлым проблемалы субъектілеріне шоғырланады. Бұл ретте заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысым төмендейді. Бәсекелестік аясын елеулі түрде кеңейтіп, барлық кәсіпкерлер үшін шын мәнінде тең мүмкіндіктер туғызып, монополияландыруды тоқтату керек», - деді Әлихан Смайылов елордада өтіп жатқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс ІХ съезінде. 

Оның айтуынша, өңірлерде шағын және орта бизнеске басымдық беру қажет. Және мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруда жаңа міндет тұр. 

«Самұрық-Қазына» қорында сатып алуды жүзеге асырудың жаңа тәртібінің жобасы әзірленді. Ол бірінші кезекте сатып алудың ашықтығын арттыруға және оңайлатуға, жергілікті өндірушілер мен жеткізушілерді қолдауға бағытталған. Бұл шаралар 10 мың шағын және орта бизнес субъектісіне көмектесуге мүмкіндік береді. Отандық тауар өндірушілерден 400 млрд теңгеге шамамен 10 мың тауар позициясы сатып алынады. Одан басқа, заң жүзінде ашықтықты арттыру және жер қойнауын пайдалану құқығын беру және келісім-шарттардың талаптарын өзгерту рәсімдерін оңайлату жоспарлануда», - дейді ол.