"Самұрық-Қазына" қорының басшысы Алмасадам Сатқалиев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін желіде пост жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгін, Мемлекет басшының тапсырмасына орай «Самұрық-Қазынаның» алдында үлкен мүмкіндік туып отыр – қоғамда қызу талқыланып жатқан реформаларды жүзеге асыру.
Реформалау бағдарламасына нақты, әрі тиімді ұсыныстар бере алатын азаматтармен диалог орнатуға дайынбыз. Жуық арада бұл жоспарлар біздің корпоративтік сайтқа, және басқа да ашық көздерге жарияланатын болады. Біз барлық сауалдарға жауап береміз. Өзгерісті өзімізден бастап, ашықтық, есеп беру, бизнеске кедергі келтірмеу, әлеуметтік жауапкершілік және сыбайлас жемқорлықпен күрес қағидаттарын негізге алып отырмыз.
«Самұрық-Қазына» Қазақстан Республикасы азаматтарына Қор активтерін тікелей иеленуге мүмкіндік бермек. Яғни, ұлт байлығын әділ түрде барша халыққа үлестіріп беру – біздің басты мақсатымыз. Біз бизнес-процестер мен Қордың компаниялар тобындағы корпоративтік басқару тәжірибесін реформалауды ұсынамыз. Есеп беру мен басқару тетіктері басқаша болады. Мұнай, газ, көмір, тасымалдау мен ұқсату, электрқуатын өндіру, телекоммуникациялар және басқа да салалардағы қатынастарды жаңалауға бет аламыз.
Сатып алулар жүйесін түбегейлі өзгертіп, отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдау механизмдерін күшейтеміз. Оларды бір пысықтап алу үшін сәрсенбі күні, 26-шы қаңтарда бизнес-қоғамдастықпен ашық диалог ұйымдастырылады. Әлеуметтік желілерде оның тікелей трансляциясы жүргізіледі.
Бірлесіп жасалған реформалау бағдарламасы бекітілсе, оны іске асырып, қатаң орындауға бар күшімді саламын. Конструктивті әрі нақты ұсыныстарыңызды біздік корпоративтік поштаға жолдауларыңызды сұраймын - usynys@sk.kz» - деп жазды қор басшысы.