18 ақп, 2020 сағат 14:05

Самат Нұртаза: Кішкентай балаларды митингіге алып келуге қарсымын

Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Самат Нұртаза «ҚР-да бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін бейбіт жиындар туралы заң жобасын талқылаймыз. Әртүрлі пікірлердің айтылуы ғажап емес. Әлбетте бізге либерализация керек. Себебі менің өз басым митингіні нақты бір жерде өткізу керек дегенге сәл-пәл келіспеймін. Себебі азаматтар Еуропа болсын, Америка болсын орталық алаңға жиналады. Сондықтан бізде де орталық алаңдарда жиналса ешқандай қорқыныш жоқ деп ойлаймын. Сол митингіні ұйымдастырушылардың өздері бірінші жауап беруі керек. Мәселен Еуропада қателеспесем, ұйымдастырушылар бейбіт жиыннан соң қоқысқа дейін өздері тазартып кетеді. Менің позициям осындай», - деді ол елордада заң жобасының тұжырымын талқылау барысында.

Сонымен қатар, сарапшы бейбіт жиындарға қатысатын азаматтардың саны 250 адамнан аспау керек деген мәселеге қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жатқанын жеткізді.

«Менің ойымша, бұл - алғашқы қадам. Себебі біздің халық 100 пайыз демократияда өмір сүріп жатқан жоқ. Мысалы Ұлыбритания немесе Еуропа елдері секілді ХІІ-ХІІІ ғасырдан бері демократиялық қоғамда келе жатқан жоқпыз. Сондықтан, менің ойымша, алдымен бізге 250 адам деген жеткілікті. Одан кейін мүмкін келесі жылдардан бастап санын көбейтуге болады. Өз басым кішкентай балаларды митингіге алып келуге қарсымын. Себебі кішкентай балалар сыртқы күштердің құрбаны болып кетеді», - дейді ол.

Еске сала кетсек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасының тұжырымын таныстырған болатын.