27 қыр, 2023 сағат 14:38

Самат Әбішке қарсы іс қозғалғанына біраз болды – Бас прокуратура

Фото: gov.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты істің қозғалғанына біраз болды. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Менің мәліметімше, Самат Әбіштің ісі қозғалғанына біраз болды. Бірақ нақты қашан қозғалғанын, датасын қазір айта алмаймын. Заң бойынша тергеу органдары іске қатысты ақпаратты қашан беретінін өздері шешеді", - деді Шыңдалиев Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.

Оның айтуынша, Әбіш "Қаңтар оқиғасы" кезінде лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілініп отыр. Әбіш қазір Қазақстанда, одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.

Осы орайда журналистер "ешқайда кетпеу туралы қолхат" алынған кезде арнайы күзет қойыла ма деп сұрады.

"Ешқайда кетпеу туралы қолхат алынғанда, үйдің алдында (Самат Әбіштің үйі – ред.) қарауыл тұрмайды. Ол өз үйінде тұрады. Тергеу шақырғанда, өзі келеді. Адвокаттарымен кездесе алады. Арнайы қарауыл үйқамақ кезінде ғана қолданылады", - деп түсіндірді Шыңдалиев.

Айта кетері, Самат Әбіш – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. 2015 жылдан бастап "Қаңтар оқиғасына" дейін, яғни 2022 жылдың қаңтарына дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Естеріңізге сала кетейік, "Қаңтар оқиғасынан" кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталды. Артынша оларға сот үкімі шықты. Мәсімов мүлкі тәркіленіп, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Мәсімовтің орынбасары болған Самат Әбіш қызметінен босатылды, оның үстінен қылмыстық іс қозғалған жоқ.