20 жел, 2021 сағат 12:02

Салықты адамдардың ерікті түрде төлеуіне барынша жағдай жасалады - Қаржы министрі


ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев саладағы цифрлық трансформацияның негізгі ұстанымдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бюджеттің кіріс бөлігін барынша арттыру туралы тапсырма берген болатын.

Сондықтан, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру біз үшін маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Бұл ретте, тиісті басты мақсаттар мен міндеттерді ескеру керекпіз. Біріншіден, жеке тұлғалар мен бизнес үшін салықтық міндеттерді орындаудың қарапайымдылығын қамтамасыз ету. Екіншіден, көлеңкелі экономика үлесін қысқарту үшін тиімді тетіктерді жасау. Үшіншіден, шешім қабылдау кезінде адами факторларды азайту. Осыған орай, цифрлық трансформация 5 принципке негізделген», - деді Жамаубаев Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, бірінші бағдар - азаматтар үшін барынша жайлы әрі қолайлы ахуал орнату. Екіншісі - адалдықты ынталандыру, яғни салықтарды өздері ерікті түрде төлеуі үшін барынша жағдайлар жасау. Үшіншісі - қашықтан әкімшілендіру. Шешім қабылдаған кезде адами факторды болдырмау, ал азаматтар заң бұзушылықтарын өздері жоюға мүмкіндік алуы тиіс. Төртіншісі – заң бұзушылықтардың алдын-алу. Яғни оның бастапқы сатысында анықталуы мен алдын алу бойынша шаралар қабылдау. Бесінші бағдар - жүйелерді оңтайландыру. Жаңа технологиялар мен микросервистік архитектураға көшу.