Арнаулы салық режимдерін қолданатын, сондай-ақ микро жəне шағын кəсіпкерлік субъектісі болып табылатын тұлғалар биылғы 1 қаңтардан бастап, 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін табыс салығынан босату ережелерін қолдануға құқылы. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жәнібек Нұржанов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Арнаулы салық режимдерін (патент негізінде, оңайлатылған декларация негізінде, тіркелген шегерімді пайдаланумен, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін, сондай-ақ, шаруа немесе фермерлік қожалықтар үшін арнаулы салық режимін) қолданатын жəне микро жəне шағын кəсіпкерлік субъектісі болып танылатын тұлғалар «Салық жəне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін қолданысқа енгізу туралы» ҚР Заңының 57-4-бабының ережелеріне сəйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылдың 31 желтоқсаны аралығында алынған табыстарға салынатын салықтан босату бойынша ережелерді қолдануға құқылы«, - дейді Жәнібек Нұржанов.
Оның айтуынша, биылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде арнаулы салық режимдерін қолданатын жəне микрокəсіпкерлік немесе шағын кəсіпкерлік субъектілері болып танылатын тұлғалар, оның ішінде бірыңғай жер салығын төлеушілер, төленуге жататын:
1) осы Кодекстің 686, 687, 695, 700-баптарына сəйкес есептелген корпоративтік (жеке) табыс салығының сомасын (төлем көзінен ұсталатыннан басқа);
2) осы Кодекстің 687-бабына сəйкес есептелген əлеуметтік салық сомасын;
3) осы Кодекстің 704-бабына сəйкес есептелген бірыңғай жер салығының сомасын 100 пайызға азайтады.
Сондай-ақ, ол салықтан босату бойынша ережелер кімдерге қолданылмайтынын айтты.
«Салықтан босату бойынша ережелер төменде аталғандарға қолданылмайды. Олар: есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымымен байланысты қызмет; акцизделетін өнімді өндіруді жəне (немесе) көтерме саудада өткізу; астық қабылдау пункттерінде астық сақтау жөніндегі қызмет; лотерея өткізу; ойын бизнесі саласындағы қызмет; радиоактивті материалдар айналымымен байланысты қызмет; банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлерін) жəне сақтандыру нарығындағы қызмет (сақтандыру агентінің қызметінен басқа); аудиторлық қызмет; бағалы қағаздар нарығындағы кəсіптік қызмет; кредиттік бюролардың қызметі; күзет қызметі; азаматтық жəне қызметтік қару мен оның патрондары айналымымен байланысты қызмет; жер қойнауын пайдалану саласындағы қызмет, оның ішінде кен іздеушілер қызмет; пайдалы қазбалар өткізуді, трейдерлердің қызметін, көмір, мұнай өткізу жөніндегі қызмет; мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін, бензинді, дизель отынын жəне мазутты бөлшек саудада өткізу; сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілер», - дейді ол.