Салық заңнамасына енгізілетін түзетулерді 1 наурызға дейін әзірлеу қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жақында өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің отырысында жаңа жағдайда шағын және орта бизнесті қосымша қолдау шаралары таныстырылды», - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің айтуынша, ұсынылған өзгерістер 500 мыңдай жалдамалы жұмыскерді ресми жұмыспен қамтуға, еңбекақы төлеу қорының жүктемесін азайтуға, салық міндеттемелерін орындау тәртібін жеңілдетуге және ел экономикасына жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
«Осыған орай Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, салық заңнамасына енгізілетін қажетті түзетулерді биылдан қалмай іске асыру үшін осы жылғы 1 наурызға дейін әзірлеуді тапсырамын. Әлихан Асханұлы, бақылау және үйлестіру сізге жүктеледі», - деді Асқар Мамин бірінші орынбасары Смайыловқа қарата.