Фото: primeminister.kz
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният салауатты өмір салтын насихаттау үшін өңірлерге жыл сайын қанша қаражат бөлінетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, медицина қызметкерлері салауатты өмір салтын насихаттау бағытында мақсатты жұмыс жүргізеді.
"Әрбір емханада денсаулық мектебі немесе кабинеті, темекіге қарсы кабинеттер, темекі, ішімдік, есірткіге қарсы күрес жүргізілетін жастар орталықтары ашылады. Осы мақсатқа денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын өңірлерге 500 млн теңге бөледі", - деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Министр темекі мен басқа да жаман әдеттердің салдарынан зардап шегетін пациенттерді емдеуге жұмсалатын қаражатпен салыстырғанда бұл аз сома екенін атап өтті.
"Денсаулық сақтау министрлігі темекінің салдарымен күреске де ақша жұмсайды. Темекі тарту жүрек-қан тамырлары, респираторлық ауруларға, тіпті қант диабетіне де шалдықтырады. Егер министрліктің ауру адамдарды емдеуге бөлетін шығынын қарастырсақ, жылына бұл - шамамен 300 млрд теңге. Яғни біз темекінің салдарына – ем, операция, дәрі-дәрмекке, оңалтуға ақша жұмсаймыз", - деп түсіндірді ведомство басшысы.