15 жел, 2021 сағат 13:38

Сақтандыру омбудсманының біліктілігіне талаптар артады


Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасының негізгі мақсаты – сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту. Ол үшін жаңа өнімдер енгізу, қызметтерді цифрландыру, тұтынушылар мен инвесторлардың құқығын қорғау, заңнаманы үздік халықаралық практикаға сәйкес келтіру талап етіледі. Заң жобасында үш кодекске және 27 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. 

«Заң жобасында Сақтандыру омбудсманының клиенттердің сақтандыру ұйымымен келіспеушіліктерін сотқа дейінгі реттеуі көзделеді. Сақтандыру омбудсманының біліктілігіне талаптар ұлғаяды және кеңсе қызметкерлеріне талаптар белгіленеді», - деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, заңнамалық бастамалардың блогы Қазақстанның қор нарығын одан әрі дамытуға бағытталған. Қор нарығын капиталдандыру жыл басынан бері 40 пайызға ұлғайып, 47,3 трлн теңгені немесе Ішкі жалпы өнімнің 67 пайызын құрады. Бүгінгі күні инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту бастамалары аса маңызды. Қор нарығында бөлшек инвесторлардың елеулі өсуі байқалып отыр. 

«Қазақстандық брокерлер үшін клиенттің инвестициялық бейінін міндетті бағалау туралы талап енгізіледі. Бұл бейін оның біліміне, тәжірибесіне және қолындағы қаражатына қарай айқындалады. Нәтижесі бойынша инвесторларға бейініне сәйкес қаржы құралдарының тізбесі ұсынылады. Инвесторлардың құқығын қорғаудағы маңызды бастама - компанияларда корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру», - деді агенттік басшысы. 

Заң жобасының келесі бағыты – қор нарығының инфрақұрылымын жетілдіру. 

Сонымен қатар, қор нарығын ары қарай цифрландыру көзделген. Бағалы қағаздарды шығару процесінің бірыңғай цифрлық форматқа толық көшуі қамтамасыз етіледі. 

Айта кетейік, заң жобасында жинақтаушы сақтандыруды дамыту үшін жаңа әлеуметтік маңызды сақтандыру өнімдерін енгізу көзделеді. 

Бұл мемлекеттік білім беру жинақтаушы жүйесі ауқымында жинақтаушы сақтандыру және бірлескен ерлі-зайыпты зейнетақы аннуитеті. Білім беру жинақтаушы сақтандыру өнімі баланың жоғары оқу орнында оқуына ақы төлеу үшін ақшаны кепілдікпен жинақтауға мүмкіндік береді. Бұл өнім қосымша сақтандыруды қамтамасыз етеді

«Екінші өнім - бірлескен ерлі-зайыпты зейнетақы аннуитеті. Бірлескен аннуитет ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстарының зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік береді. Егер ерлі-зайыптылардың бірінде зейнетақы жинағы жетпей, ал екіншісінде артық болса, олар зейнетақы жинақтарын бірге қосып, зейнетақы аннуитетін сатып алады. Сонымен бірге, төлемдерді өмір бойы алуға мүмкіндік алады», - деп түсіндірді агенттік басшысы.