Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров Еуропадан жүк тасымалының қиындауына байланысты фермелер шығынға бататынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі шиеленісті халықаралық жағдай отандық бизнес өкілдерінің мүддесіне кері әсер етуде. Шиеленіс аймағында қазақстандық кәсіпкерлерге тиесілі 1007 жүк вагоны тұрып қалған, 680 жүк вагоны шиеленіс аймағына жетпей тоқтатылған. Транзит құны екі есеге өсіп кеткен. Логистиканың бұзылуына байланысты Еуропадан елімізге келетін тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізу қиындап кеткен. Көктемгі егістік жұмыстарына тұтынуға қажетті ауқымның 50-пайызы ғана жеткізіледі деген болжау жасалуда. Ал, импорттан келетін өсімдікті қорғау құралдары егістікке қажет деңгейдің 90-пайызын құрайды. Отандық бизнес өкілдері жүздеген миллион теңге шығынға ұшырауда. Үкімет қимылдап жатыр, бірақ мына заманда өте ширақ болу маңызды», - деді Саиров Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Осы орайда ол еліміздің бизнесі көптеген халықаралық сауда бренділермен Ресей арқылы жұмыс істегенін атап өтті.
«Ол бренділер көршімізден жаппай шығып жатыр. Мұнай тасымалдаудың да проблемасы қылтиып тұр. Неге Үкімет кезінде мұнай тасымалы, сауда брендтерінің балама логистикасын ойластырмаған?! Ресей рублінің тез босаңсуы біздің елімізге көршімізден азық-түліктің импортының еселеп өсуіне алып келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде қазақстандық азық-түлік өндірушілердің жағдайын мүлдем тұралатып жіберуі ықтимал. «Жығылған үстіне жұдырық» болып халқымызды баға мен девальвация алқымнан қысып жатыр. «AMANAT» партиясының сайлаушылары осы мәселелер бойынша алаңдаулы», - деді депутат.
Осы тұрғыда ол тиісті сұрақтарын жолдады:
1. Қазақстанның тасымал логистикасын әртараптандыруға қандай қадамдар жасалуда?
2. Халықаралық сауда брендтерінің Қазақстанмен тікелей жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін не істеліп жатыр ?
3. Мұнай тасымалын әртараптандыруға қандай әрекет жасалуда ?
4. Жалпы, турбуленттілік кезеңінде, Қазақстанның экономикалық мүддесін қорғаудың жаңа философиясы бар ма?
«Осы мәселені заңда белгіленген мерзімде қарастырып, жауап беруіңізді сұраймыз»,-делінген депутаттың сауалында.