10 шіл, 2025 сағат 11:13

«Сабыр» фильмі халықаралық платформада үздіктер қатарында

Фото: Kazakhcinema.kz

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Сабыр» қысқаметражды фильмі халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, Cineshort қысқаметражды фильмдер платформасында рейтинг көшбасшыларының қатарына енді. Фильм 9,3 ұпай жинап, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді, деп хабарлайды Ult.kz.

Туындыда екінші сынып оқушысы Сабыржанның шынайы тағдыры суреттеледі. Оқып-жаза алмайтын балаға анасы мен мұғалімдері түсіністік таныта алмай, жиі жазғырады. Алайда Сабыржанда дислексия дерті бар екені кейін белгілі болады. Бұл – балалардың ерекше қабылдауын қажет ететін, қоғамда кеңінен түсінілуге тиісті жағдай. Фильм осы әлеуметтік мәселеге назар аударып, мектеп жасындағы балалардың психологиялық қиындықтарына бейжай қарамауға үндейді.

Фильмнің режиссерлері — Марина Зиберт пен Дамир Танатов. «Сабыр» туындысы VIII халықаралық BAIQONYR кинофестивалінің ұлттық байқауында «Үздік фильм» аталымын жеңіп алды. Сондай-ақ басты рөлді сомдаған Салих Бейсенбай өзінің әсерлі ойыны үшін арнайы марапатқа ие болды.

Бұдан бөлек, фильм UMUT халықаралық кинофорумында «Үздік режиссер» сыйлығына ие болып, Торонтода өткен Peaks Central Asian Film Festival аясында Солтүстік Америкадағы тұсаукесерін өткізді.

Cineshort – әлемнің әр түкпірінен авторлық және фестивальдік кинотуындыларды жинақтайтын беделді платформа. Онда үздік шығуға «Сабыр» фильмі лайықты екенін дәлелдеді.