26 жел, 2019 сағат 12:35

Руслан Дәленов жергілікті бюджеттердің табысы қалай артатынын айтты

Республикалық бюджетке ірі кәсіпкерлік субъектілерінен ғана корпоративтік табыс салығының түсімдері бағытталады. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атап айқанда, бұл қадамдар жалпы отырыста екі оқылымда қаралып, қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында қамтылып отыр.

Заң жобасы Жер, Бюджет, Қылмыстық-процестік, Азаматтық процестік кодекстеріне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске және 25 заңға түзетулер енгізуді көздейді.

«Заң жобасында кейбір күш құрылымдарын қайта ұйымдастыру бөлігінде өзгерістер енгізу жоспарланған. Осылайша, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қайта ұйымдастырылуына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің қосылуына байланысты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу көзделіп отыр», - деді Р. Дәленов.

Оның сөзіне қарағанда, 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын беру ұсынылуда.

«Республикалық бюджетке ірі кәсіпкерлік субъектілерінен ғана корпоративтік табыс салығының түсімдері түсетін болады.

Жергілікті бюджеттерге корпоративтік табыс салығын беру өңірлер экономикасының, шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыратын болады және жергілікті бюджеттердің табыстарын ұлғайтады», - деп нақтылады ведомство басшысы.

Сонымен қатар, Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 73-тармағы аясында республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың, оның ішінде қала құрылысы саясаты, көлік инфрақұрылымы, сәулеттік келбетті қалыптастыру салаларында құзыреттерді кеңейту көзделіп отыр. Бұл түзетулер республикалық маңызы бар қалалар мен елорданы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

«Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға өзгеріс енгізу көзделіп отыр, оған сәйкес жастар кадрлық резервіне алынған азаматтар мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстан тыс тәртібінде орналаса алады», - деді Р. Дәленов.

Айта кетейік, құжат аясында білім беру мекемелерін басқару және бюджетін әкімшілендіру функциялары аудандық деңгейден облыстық деңгейге берілетін болады.

«Жоғарыда айтылған түзетулер заңнаманың кейбір нормаларын сәйкестендіруге, бюджетаралық қатынастар мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған», - деді Ұлттық экономика министр.