14 ақп, 2020 сағат 09:58

Руслан Дәленов Катар инвесторларын Қазақстанға шақырды

«Астана» халықаралық қаржы орталығы инвесторға қажет болатын барлық құралдарды ұсынады. Бұл туралы бүгін Қазақстан-Катар жоғары деңгейдегі бірлескен комиссиясының 5-отырысында еліміздің Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаржылық қызметтер нарығын жандандыру үшін катарлық әріптестеріме «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіншіліктерін пайдалануға кеңес беремін. АХҚО инвесторға қажет болатын барлық құралдарды ұсынады. АХҚО заңнамасы ағылшын құқығына негізделген және біздің елімізге өте қауіпсіз инвестиция салу үшін барлық жағдайды жасайды», - деді министр.

Осы ретте Руслан Дәленов Катар инвесторларын Қазақстан экономикасына инвестиция салуға шақырды.

«Бүгінде біздің қатынастарымызды тереңдете түсу әлемдегі сауда, саяси және өзге де шиеленістерге орай дүниежүзілік экономика өсімінің баяулауына байланысты бұрын-соңды болмаған өзектілікке ие», - деді ол.

Отырысқа Катар Мемлекетінің Сауда және индустрия министрі Али бен Ахмед әл-Кувари бастаған катарлық делегация қатысты.