07 қыр, 2017 сағат 11:06

«Рухани жаңғыру» Қазақстанды сапалы қайта түрлендіруге жол ашады – Ғ. Нығыметов

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – елімізді сапалы қайта түрлендіруге негіз болатын идеялық платформа. Осындай пікірімен Өскемен қаласында «Жаңғыру 3.0: Рухани жаңғыру» тақырыбында өткен екінші өңірлік дөңгелек үстел барысында Еуразиялық интеграция институтының директоры Ғани Нығыметов бөлісті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ғани Нығыметов өз сөзінде бүгінде қазақстандықтар ел тарихының жаңа кезеңінің пайда болуының куәгерлері екенін атап өтті. Оның бірегейлігі – Президент жариялаған жаңғырту процесінің бір уақытта үш бағытта: экономиканы жаңғырту, ауқымды саяси жаңғыртуға негіз болған конституциялық реформа және қоғамдық сананы жаңғырту салаларында жүзеге асырылуында.

Сондай-ақ, ол үшінші бағыттың ең күрделі әрі ауқымды екенін мәлімдеді, себебі қазақстандықтардың алдында бұған дейін ешқашан қоғамдық сананы жаңғырту міндеті қойылмаған болатын. Дәл осы бағыт еліміздегі барлық ықтимал қайта түрлендірулердің өзегі болып табылады, ал оның қозғаушы күштері – алты жоба.

Олардың біріншісі – қазақ тілінің латын графикасына біртіндеп ауысуы. Жоба тілді дамытуға жаңа серпін беруге және оны әлемдік кеңістікке ықпалдастыруға, азаматтарды тілді үйренуге ынталандырып, қызығушылықтарын оятуға бағытталған.

Екінші жоба – «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Оның мақсаты – қазақстандық студенттерге әлемнің ең үздік оқулықтарын қазақ тілінде оқуға мүмкіндік беру.  

Үшіншісі – «Туған жер» жобасы, оны жүзеге асыру, біріншіден, адамның өзі туып-өскен жерімен байланысын нығайту. Екіншіден, елімізде қайырымдылық мәдениетін жетілдіру және жауапты әлеуметтік іс-қимылдар арқылы мемлекеттік қолдау көрсету шараларын дамыту. Үшіншіден, ғылыми-білім беру және инфрақұрылымдық қолдауды қамтамасыз ету – тарихты, географияны, туған өлке нысандарын зерттеу және оның көркейтілуі. Жалпы алғанда, бұл маңызды өлкетану жұмыстары басталғанын білдіреді. 

Төртінші жоба – «Қазақстанның сакралды географиясы». Мұндағы жұмыс мәдени ескерткішке, символдық, сакралдық және мәдени-тарихи заттарға байланысты болады. Бұдан өзге, аталған жобаның нысандары туризм индустриясын дамыту орындарына айналады.

Бүгінде «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ мәдениетінің үздік туындыларымен әлемдік қауымтастықты таныстыру үшін жағдайлар жасалып жатыр. Бұл отандық шығармашылық зиялыларына үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.   

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы еліміздің әр түкпірінен, түрлі жастағы адамдардың, сан алуан ұлт өкілдерінің арасынан отандастарына үлгі болатын, табысқа жеткен адамдардың тарихынан тұрады. Аталған жүз және одан да көп жаңа есім заманауи Қазақстанның келбеті мен бейнесіне айналады.

«Осы жобалардың барлығы үлкен өзектілікке және терең мағынаға ие, өйткені жаңғырту – өте күрделі процесс. «Рухани жаңғыру» елімізді сапалы қайта түрлендіруге негіз болатын идеялық платформа», – деді Ғ. Нығыметов.