15 там, 2019 сағат 10:26

Роман Скляр: Жыл соңына дейін 60 мың автокөлік құрастырылады

Бүгінде Қазақстандағы көліктердің 57 пайызы отандық зауыттарда құрастырылған. Бұл туралы Қостанайдағы көлік құрастыру жөніндегі мәжілісте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Қостанай қаласындағы «СарыарқаАвтоПром» АҚ базасында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Жиында ауыл шаруашылығы техникаларын шығару ісі мен отандық автоөндірістің дамуы талқыланды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр автокөлік шығарудың дамуы мен жетістіктеріне тоқталды. Айтуынша, аз ғана уақыт ішінде елімізде көлік құрастырудың жаңа бағыты пайда болды. Инвестициялық бағдарламалар қабылдана бастады. Жаңа индустрияландырудың бірінші бес жылдығының қорытындысында автомобиль өндірісі өңдеу өнеркәсібіндегі ең қарқынды дамушы сала ретінде танылды.

«Қазақстанның автомобиль өнеркәсібінің тарихы жол талғамайтын «Нива» жеңіл көлік құрастырудан бастау алды. Мұнан кейін елімізде «СарыарқаАвтоПром», «СемАЗ», «КАМАЗ-Инжиниринг», «Hyun­dai Trans Auto», «Daewoo Bus Kazakhstan» секілді автокөлік құрастыру кәсіпорындары пайда болды. Бүгінде Қазақстан халықаралық экологиялық стандарттарға сай келетін 167 көлік түрін құрастырады. Оның ішінде жеңіл автокөліктің 39 түрі шығады. Жалпы қазіргі Қазақстанның машина жасау саласын көпсалалы деп айтуға болады. Оған электр құралдарын, аккумуляторлар, станоктар мен түрлі аспаптар, тау-кен, металлургия, ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарын, тағы басқа да заттар шығару кіреді. Елдегі көліктердің 57 пайызы өзіміздің зауыттарда құрастырылады. Автоөндірістегі отандық үлес 50 пайызға дейін жетті«, - деді Роман Скляр.

Министрдің сөзінше, 2019 жылдың 7 айында елдегі машина зауыттары 24 мыңнан астам көлік шығарған. Жыл аяғына дейін 60 мыңнан астам автокөлік құрастырылмақ.

»Жыл соңына дейін баламасы жоқ инжиниринг орталығы ұйымдастырылады. Оның мақсаты – білікті әрі әмбебап кадр дайындау саясатын іске асыру. Бұған мемлекет тарапынан жан жақты қолдау көрсетіледі«, - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Роман Скляр айтқандай, жаңадан ашылатын орталық мамандары автокөлік құрастырудың заманауи тетіктерін де үйретеді.