04 ақп, 2020 сағат 13:30

Республикалық маңызы бар жолдарға видеокамералар орнатылады

Қазақстан тасжолдарының 32 учаскесінде бейнебақылау камералары орнатылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ақылы жолдарда төлем алу жүйесін орнату және қызмет көрсетуге қатысты инвестициялық жоба аясында биыл еліміздің тасжолдарында бейнебақылау камералары орнатыла бастайды. Жалпы алғанда, елімізде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 11 мың шақырымында 600 бейнебақылау камерасы орнатылады деп жоспарлануда», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратында.

Камералар ел жолдарындағы қозғалысты тәулік бойы бақылайтын болады. Тұтастай алғанда, мұндай қондырғылар 2024 жылға дейін еліміздегі республикалық маңызы бар жолдардың 32 учаскесінде пайда болмақ.

«Әзірлеушілердің айтуына қарағанда, есептеу қуаттылығы мен арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету ақпараттың кең көлемін нақты уақыт режимінде өңдеуге мүмкіндік береді. Осылайша, көлік қозғалысының жылдамдығы мен бағыты, жеке деректерді пайдаланусыз көлік құралының типі сондай-ақ, жол жиегімен қозғалып келе жатқан және мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген автокөліктер анықталатын болады», - деді ведомстводан.