28 қыр, 2022 сағат 16:05

Ресейліктерді жұмысқа орналастыруға шектеу қойыла ма?

© Sputnik / Болат Шайхинов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова көрші елдегі мобилизацияға байланысты Қаақстанға келіп жатқан ресейліктерді жұмысқа орналастыруға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, ЕАЭО туралы шартқа сәйкес, қазақстандықтар мен ресейліктер екі ел арасында еш кедергісіз жүріп, рұқсатсыз жұмыс істей алады.

"Бірақ шарттың 97-бабында егер бұл қандай да бір елдің ұлттық қауіпсіздігіне әсер етсе, сол мемлекет шектеу қоюға құқылы екені айтылған. Кеше мен 6 508 адам Қазақстанда жұмыс істеуге ниет білдіргенін айттым, ал бүгін олардың саны – 5 300, яғни 1 200 адамға азайып отыр. Бұл сан күн сайын өзгереді", - деді Дүйсенова Мәжіліс кулуарында.

Еңбек министрлігі шетелдік жұмысшылар саны болжамды шектен асқанда шектеу енгізуді көздеп отыр.

"Мысалы біз шетелдік азаматтарды шақырғанда, біз "мына жерде 97% қазақстандықтар және 3% шетелдіктер жұмыс істеуі керек" деп айтамыз. Дәл солай 99% - қазақстандықтар және бір пайыз ЕАЭО азаматтары деп айта аламыз. Қазір бізде 8,7 миллион азамат жұмыс істейді, егер олардың 90 пайызы Ресей азаматтары болса, оларды жұмысқа қабылдау дереу тоқтатылады", - деді Дүйсенова.